"Түк бітірген жоқ...". Президент Тоқаев министр Омаровты қызметінен босатты

Dalanews 10 июл. 2021 08:23 792

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрін қызметінен босатты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Сапархан Кесікбайұлы Омаров Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босатылды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетуі қажеттігін айтты.

"Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді", - деп атап өтті президент.

"Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан Қазақстанның осалдығын ашты. Біз Қазақстанның экономикасы ашық екенін және өз нарығымызды импорт пен экспорт үшін жаба алмайтынымызды түсінеміз. Сонымен бірге отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты базалық өнімдермен қамтамасыз ете алмауына сын өте әділ", - деді бұған қоса Тоқаев.

Рекомендовать
Последние новости