Түбегейлі қате пайым – Заңгер Мамай сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп тануы туралы ойын айтты

Dalanews 12 нояб. 2021 09:31 955

Қазақстандық заңгер Серік Ақылбай белсенді Жанболат Мамайдың іс-әрекетін екіжүзділікке балады. Бұл туралы ол фейсбуктегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Кеше тіркелмеген демпартияның жетекшісімін деп жүрген Жанболат Мамайдың сот шешімін орындамағаны үшін оның көлік жүргізу құқығын сот орындаушысының ұсынысы бойынша шектеу заңды емес деп жазған әлеуметтік желідегі постымен таныстым.

Ескерте кетейін, осы мәселеге қатысты сот процесі әлі өткен жоқ. Мамайдың ақпаратына сенсек сот 16 қараша күні өтеді екен. Жалпы осы жерде Мамай сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп жар салуда. Бірақ бұл түбегейлі қате пайым. Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңда сот орындаушысының осы жағдайдағы іс-әрекеті толықтай белгіленген, – деп жазды Ақылбай.

Заңгердің сөзінше, сот ұсынысты заңнамада белгіленген тәртіппен қарайды. Әрі бұл процесте заң бұзушылық туралы бірде-бір факті жоқ .Сондай-ақ сот орындаушысының неліктен Мамайдың көлік жүргізу құқығын шектеу бойынша сотқа жүгінгенін түсіндірді.

– Мамайдың Байбектен сотта жеңілгенін білесіздер. Мамай сол сот шешімін әлі де толығымен орындаған жоқ. Апелляция өткеннен кейін 3 айдан астам уақыт өтсе де, Мамай Байбек туралы жалған деп танылған материалдарды жоққа шығармай, орналастырған жерлерінен жойған жоқ. Бұл құқықтық мемлекетте орындалуы тиіс заңды процесс. Бірақ әлі күнге дейін сот шешімі орындалған жоқ. Осы орайда сот орындаушысы өзіне заңмен белгіленген өкілеттігіне сәйкес әрекет етуде, – деп қосты ол.


Сонымен бірге заңгер жауапкерлер сот шешімін орындамаған жағдайда мәжбүрлеп орындатудың басқа қадамдары барын ескертті. Мәселен, сот шешімін өз еркімен орындау уақыты 6 айдан асып кететін болса, онда сот орындаушысы Қылмыстық кодекс баптарына жүгіне отырып, Мамайды жалпы саны 800 сағат болатын қоғамдық жұмыстарға тарту, тіпті 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу, болмаса 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы да ұсыныс бере алады.

– Мұның бәрі, Мамай болсын, тағы басқа азамат болсын, сол заңды сот шешімін мәжбүрлеп орындату үшін заңда қарастырылған барлығына бірдей талаптар. Мұндай қадамдар сот шешімі толық орындалғанға дейін жалғаса береді. Мамай болса өзін оппозиционер санап, құқық қорғауда саласында өзін білгіш көрсетіп, бүкіл Қазақстанға тек бос әңгіме таратуда. Құқықтық мемлекет құрайық дейді, бірақ өзі заңға бағынбайды. Бұл неткен екіжүзділік? – деп жазды Серік Ақылбай.

Рекомендовать
Последние новости