Трамптың тарифі: қатер ме, әлде қағаз жүзіндегі қоқан-лоқы ма?

Dalanews 10 июл. 2025 13:22

АҚШ-тың Қазақстанға жариялаған 25 пайыздық жаңа тарифтері қоғамда кәдімгідей дүрлігу туғызғанымен, шын мәнінде ел экономикасына тигізер әсері болмашы екен. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі Сергей Улатов осындай пікір айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экономистің сөзінше, жаңа баж салығы қорқынышты көрінгенімен, мұқият зерделеген адам оның негізінен қағаз жүзіндегі сес көрсету екенін бірден байқайды.

"Біз тарифтің ықтимал салдарын тереңнен талдадық. Жасаған қорытындымыз: алаңдайтындай қауіп жоқ. Қазақстан экспортының басым бөлігі бұл тарифке мүлдем ілінбейді. Сондықтан экономикаға кері әсері минималды, тіпті байқалмайды деуге де болады", – деді ол.

Қазақстан бойынша қордың елдік экономисі Ғалымжан Айтқазин де бұл ойды растап отыр. Оның айтуынша, АҚШ әкімшілігі сауда дефициті жоғары деген елдер тізімін алып, бәріне бірдей хабарлама жіберген. Алайда, Вашингтон ұсынған құжатта көптеген тауарларға арнайы жеңілдіктер бар. Осы жағынан алғанда, Қазақстанның экспортына салмақ салатын өнімдер өте аз болып шықты.

"Штаттардың есебінше, екі ел арасында сауда теңсіздігі бар. Бірақ біздің экспорттың 95 пайызы – мұнай, металл, шикізат тәрізді өнімдер баж салығынан толық босатылған. Тарифтің әсеріне түсетін тауарлар үлесі – бар-жоғы 5 пайыз, ақшалай есептегенде 100 млн доллардан да аспайды. Бұл – Қазақстан үшін айтарлықтай шығын емес. Бұқаралық ақпарат құралдары мәселені тым ушықтырып көрсеткенімен, шын мәнінде жағдай соншалықты күрделі емес", – деді экономист.

Сондай-ақ ол баж салығына ілінген 5 пайыз тауарлар үлесін басқа бағытқа ауыстыру мүмкіндігі де барын еске салды.

Айта кетсек, 8 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, 1 тамыздан бастап қазақстандық тауарларға 25 пайыздық баж салығы салынатынын ескерткен еді. Бүгін Президент Тоқаев аталған тарифке қатысты жауап берді.


Рекомендовать
Последние новости