Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік күрт баяулады. 2025 жылғы маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша тіркелген мәмілер саны 33 273 құрап, мамыр айымен салыстырғанда 2,1%-ға азайды. Бірақ соған қарамастан баға төмендер емес, керісінше қымбаттау құбылысы байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сәйкес, маусым айында көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша жасалған мәміле 3,1%-ға (25 429) азайып, ал жеке үйлер бойынша жасалған мәміле (7 844) 1,3%-ға өскен.
Мәмілелер саны бойынша Алматы (6 628 – 19,9%) және Астана (6 072 – 18,2%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 392 – 7,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең азы – 282 (0,8%).
2025 жылдың мамырымен салыстырғанда маусымда мәмілілір санының ең көп өсімі Атырау (+23,2%), Қостанай (+7,1%) облыстарында және Шымкент (+6%) қаласында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Павлодар (-12,1%), Қызылорда (-12%) және Батыс Қазақстан (-10%) облыстарында орын алды.
2025 жылдың мамырымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 3,1% (812 мәмілеге) азайды. 2025 жылдың маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 25 429 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 76,4%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (24%), Астана (23,4%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,7%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1-бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың маусым айында олар бойынша 9 917 мәміле ресімделген.
2025 жылдың мамыр айымен салыстырғанда маусымда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 1,3% (99 мәмілеге) өсті. Маусымда барлығы 7 844 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Павлодар (+20,1%), Жетісу (+19,4%) және Ақтөбе (+13,2%) облыстарында байқалды.
2025 жылғы маусымда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 1% көбейген, ол кезде 32 943 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Астана (26,2%) қаласында байқалады, ең үлкен төмендеу – Батыс Қазақстан облысында (-43,5%). 2025 жылдың қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 4,3% өсім байқалады.
"Бір жылда (2025 жылғы маусым 2024 жылғы маусымға) жаңа тұрғын үйлерді сату – 9,5%, қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағалары 6,7% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 9,4% жоғарылады. Бір айдың ішінде (2025 жылғы маусым 2025 жылғы мамырға) жаңа тұрғын үйді садасындағы баға 1,1%, екінші нарықтағы пәтерлер бағасы 0,9%-ға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,3% қымбаттады", делінген бюро мәліметінде.