Тоқаевтың тұсында 8 түрлі өзгеріс болады. Дариға мұрагер емес - саясаттанушы

Dalanews 20 нояб. 2020 08:29 1168

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам осыдан 8 жыл бұрын жарық көрген «Қазақ драмасы» атты еңбегінде Тоқаевты мұрагер деп атап, оның тұсындағы Қазақстан гүлденген мемлекетке айналады деген тұжырым жасаған екен.




Dalanews.kz Тоқаевтың билікке келерін күні бұрын сезген сарапшының еңбегін аударып басуға асықты.



Тоқаевтың билікке келерін білген Құттықадам мырзаның гүлденген Қазақстанға қатысты болжамдары да ақиқатқа айналсын деп тіледік. Осыдан 8 жыл бұрын Сейдахмет мырза бүй деген екен...

...

Назарбаевтың тағы бір мерзімге сайланар түрі бар ма? Бұл оған керек пе өзі? Тақта тапжылмай отырғанына 22 жыл толды. Меніңше оған орынтағын емес, өзінен кейін қандай мұра қалдырарын көбірек ойлану керек.

Мұндай кезде Дэн Сяопинді мысалға келтіреді. Биліктен кетсе де ықпалын жоғалтпай, Қытайдың алдағы 50 жылғы дамуын айқындап кеткен осы ақсақал-тұғын.

Жалпы мұндай мысал жеткілікті. Лу Куан Юдан бастап Шарль де Голльге дейін аралықты сүзіп шығуға болады.

Бірақ дәл осы Сяпиннің үлгісі елден ерек. Назарбаев соның жолын қайталатын айрықша мүмкіндікке ие.

Күндердің күні қаласа да, қаламаса да тізгінді басқа біреуге тапсырады. Назарбаев Брежневтың соқпағымен жүруді хош көреді деп ойламаймын.


Ол дер кезінде және әдемі кетуі керек. Алысқа бармай Борис Ельциннен үлгі алса жетіп жатыр. Ол Назарбаевқа қарағанда әлдеқайда ерте кетті биліктен.

Иә оның орнына отырудан дәмелі жұрт көп. Бірақ семіздікті қой ғана көтереді емес пе?

Назарбаевтан кейінгі Президент кім болады?

 Бұл сауал біз үшін өмір мен өлім мәселесі. Елдің болашағы, сіз бен біздің ертеңіміз осы сұрақтың төңірегіне тіреліп тұр.  Бұл бірінші кезекте Назарбаевты толғандыруы тиіс.


Оның төңірегіндегі біраз саясаткерді жақсы білемін, олардың әлеуетімен таныспын. Олардың мүмкіндігін парықтай алар деңгейім бар.

Турасын айтқанда бұл орынтаққа 100 пайыз сай келетін тұлға жоқ. Қолда барға қанағат қылуға тура келеді.

Менің ұсынысым кейбіреуге ұнамауы мүмкін, кейбіреудің құлағына түрпідей тиіп, кекірейе қарауы ғажап емес. Алайда мұндай пайымдағы азаматтарға айтар аргументім бар!

Дәл қазір Назарбаевтың мұрагері болуға лайық бірден-бір тұлға – Қасым-Жомарт Тоқаев.

НЕГЕ?

Тоқаев. Онымен 92 жылы таныстым. Қытайға бірге бардық. Ол тұстары Сыртқы істер министрінің орынбасары еді. Бірден іш тарттым. Сөз саптауынан-ақ біз білетін шенеуніктерден оқ бойы озық тұрғанына көзім жетті.

Кәнігі дипломатқа тән мінезі бар-тын. Талғап, таңдап сөйлейтін. Онымен әңгіме-дүкен құрғанның өзі ғанибет еді (кейін біздегі саяси орта бұзды, тұйықталды).


Бейжің сапарында әйгілі Тяньаньмэнь алаңын көргім келді. Алайда регламенттен асып кете алмадым. Бұйымтайымды Тоқаевқа айттым. «Қытайлар жоспардан ауытқығанды ұнатпайды. Әйткенмен тәуекел, көлігіме отырыңыз, алып барайын», – деді. Алып барды. Басқан ізді аңдып отырған қытайлар мұны жақтырған жоқ, әлбетте. Әйткенмен олардың Тоқаевқа деген құрметі ерекше еді. Үндеген жоқ. Байқамаған сыңай танытты.

Бұдан кейін де байланысып отырдық. Талай рет хат-хабар алмастық. Сұхбат бермеймін деп бұра тартқан кезі болған жоқ. Бірде-бір рет бас тартқан емес.

ТӘРТІПТІ САЯСАТКЕР

Тоқаевтың саясатта түгі жоқ. Әлдекіммен байланыс орнатып, әмпей-жәмпей болуға тырыспайды. Қандай да бір саяси құрылымның жетекшісі емес. Саясаттағы атышулы, әкімшіл, әміршіл кландардан аулақ жүреді.

Арқа сүйер қуатты қаржы базасы болған емес. Айдауына жүріп, айтқанына көнетін  mass-media-сы жоқ. Әлдекімдердей билікке ес-ақылсыз ұмтылмайды. Саяси оппонетін жер бетінен жоқ қылып жіберер мерез мінезі тағы жоқ. Популист емес.


Бәлкім басқа елде мұндай саясаткер шетқақпай көріп, биліктің етек жағында жүрер ме еді.

Алайда біздің елде Тоқаевтың «кемшілігі» басымдыққа айналып отыр.

Неге дейсіз бе?

Назарбаев кеткен жағдайда «орныма отырғызам-ау» деген бірсыпыра кандидаттың арасында Тоқаев та бар.


Тоқаевты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мұқият бақылап жүрмін. Осы уаққа дейін оның саяси портретін жасап, қайраткерлік қызметін сан рет сүзгіден өткіздім.

Тоқаев – қалыптасқан, толысқан саясаткер. Маған оның саяси ұстанымы құпия емес.

Тоқаев билікке келген жағдайда Қазақстанда нақты қандай өзгеріс боларын мына менен сұраңыздар. Бұл болжам емес!

Ол тәртіпті саясаткер. Егер ол мұрагер атанса Назарбаевқа берген уәдесін түгелдей орындайды. Иә, Назарбаевтың кемшілігі көп. Бірақ жақсылығын да көре білу керек.


Қытай дәстүрін жетік білетін азамат ретінде сол принципке сүйеніп, серттен ауытқымайды.

Тоқаев билікке келсе, Қазақстанда келесідей өзгеріс болады:

  1. Тоқаев Назарбаевтың имиджіне нұқсан келтірмеу үшін бар күшін салады. Себебі бүгінгі жетістігі үшін ол Назарбаевқа қарыздар. Президент болған күнде де Назарбаевпен ақыл-кеңесіп, талап-тілегіне құлақ асады.

  2. «Нұр-Отан» Тоқаевқа мұрагерлікке қалады. Ол партияны толық түрлендіріп, қауырт ауыс-түйіс жасайды. Сөйтіп заман үрдісіне жауап беретін жаңа көзқарастағы салмақты саяси күшке айналдырады.

  3. Саясатта алғашқы уақытта Назарбаевтың сүрлеуінен ауытқымайды. Кейін келе өз стратегиясын сайлап, елдегі ірі деген саяси партиялардың сөзіне құлақ түреді.

  4. Оның тұсында оппозицияны тұншықтыру түсінігі келмеске кетеді. Оппозиция өкілдері Парламенттен орын алады. Қарсы тараптың талапты, дарынды деген өкілдерін Үкімет құрамына қосады.

  5. Бизнесте бәсекеге бейім орта қалыптастырып, барлығына тең мүмкіндік береді. Бизнестегі барымта-сырымта Тоқаевтың тұсында сап тыйылады.

  6. Күні кешеге дейін салықтан босап, білгенін істеп келген  кландар Тоқаевтың талабына көнуге мәжбүр болады.

  7. Оның саяси ұстанымы – мәжбүрлеу, алқымнан алу емес, керісінше ортақ мәмілеге келу, тіл табысу.

  8.  Бұған көзі жеткен биліктегі саяси және қаржы кландары Тоқаевтың бір жағына шығысып, соның негізінде өзара баланс  табуға тырысады.


...

Ол биліктің барлық сатысынан өтті. Сыртқы істер министрі, Мемхатшы, Премьер де болды. Әл әзір Сенатқа жетекшілік етуде.

Ата заңға сай ол елдегі екінші адам. Мемлекеттің сан-салалы құрылымын жетік біледі.

Ақылды. Білімді. Кәсібилігіне күмән келтірмейтін салмақты саяси қайраткер. Менің ойымша Тоқав өзінің төңірегіне талантты тұлғаларды топтастыра алатын қабілетке ие.

Оның үстіне халықаралық ортаға сыйлы. Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де байланысы түзу.

Кейбіреу бұған күмән келтіруі мүмкін.

Өз басым мұрагер мәселесінде Тоқаевтан асып түсер ізбасарды көріп тұрғам жоқ. Түптің түбінде Назарбаев та мұндай тоқтамға келеді.


Биліктегі біраз адам саяси амбициясын шетке ысырып, Тоқаевқа жол ашса, саяси тұрғыдан толысқанын дәлелдер еді. Олар өзі үшін, айналып келгенде ел үшін осындай қадамға баруға тиіс.

Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан көп ұзамай дамыған елге айналарына сенемін.

Ал Назарбаев мұрагерімен мақтанатын болады.

Аударған, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости