Таулы Қарабақ? Бұдан Путин пен Ердоған ұтты - сарапшы

Dalanews 18 нояб. 2020 09:13 1021

Таулы Қарабаққа таласып жатқан Әзірбайжан мен Армения соғысты тоқтату туралы бітімге келді. Пашинян Әлиевке Қарабақтың бірқатар елді-мекенін қайтарып беруге көнді. Армян басшысы бұған амал жоқтықтан барғанын айтты.

Пашинянның мұнысын сатқындыққа балаған ел дүр көтеріліп, Үкімет үйі мен парламентке басып кірді.

Әлиев өз кезегінде мұны Әзірбайжанның жеңісіне балап, бұдан кейінгі келіссөз ұрыс даласынан, үстел басына көшуі қажет деп мәлімдеді.

...

 «Таулы Қарабақтағы атыс-шабыстан кім ұтты?» деген сауалға жауап берген украиналық сарапшы Илья Кусаның көзқарасы өзгелерден өзгешерек екен.

Dalanews.kz саясаттанушының Deutsche welle-ге берген сұхбатын оқырман назарына ұсынады.

Кім жеңді, кім ұтылды?


Тұтастай алғанда бұл шайқастан Ресей мен Түркия ұтты. Анкара Оңтүстік Қапқазға өтті. Аймақтағы ықпалын күшейтіп, құлашын жая түсті. Әзірбайжанды ашық қолдап, Әлиев әскерін соңғы үлгідегі қару-жарақпен, технологиямен, тіпті жалдамалы жан алғыштармен қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде Таулы Қарабақ тақырыбын талай жыл сағыздай созып келген ОБСЕ-нің ескі құрамын ыдыратып, келіссөз жүргізетін тараптардың қатарына енді.

 Дәл қазір Ердоған Бакуды билеп-төстеп отыр. Ол ОБСЕ аясындағы Минскі тобын іске алғысыз етті.


Ресей бұл конфликтіде көк тиын шығындаған жоқ. Кіріспеді. Одақтасымен алыстан араласуға тырысты. Кремльге Пашинян билігін әлсірету тиімді болды.

Қарабақ шайқасынан қалжыраған Ереванға сөзіңді өткізіп, әміріңді жүргізу жеңіл. Сөйтті де. Сыртқы істер министрі Лавров «аймаққа Ресей бітімгерлерін жөнелту керек» деген идеясын ақыры іске асырды.

Бұл соғыста Ресей мен Түркияның ұпайы түгел шықты.

Әзірбайжан мақсатына жетті ме? 


Әлбетте, Әлиев 7 бірдей шекаралық аймақты қайтарып алды. Бұл оның әуел бастан көздегені еді.

Осының есебінен Әзірбайжан президенті ертең ел алдында сый-құрметке бөленеді. Жеңісті қолбасшылық қабілетінің көрінісі ретінде көрсетіп, саяси саудаға салады.


Әйтпесе әзірбайжандардың Әлиевке деген өкпе-реніші көп. Экономикадағы коррупциялық скандалдар президенттің атақ-даңқына дақ түсіріп, қоғамдағы беделін құлдыратып жіберген-ді.

Әрі қарай не болмақ? 


Әрі қарай ма? Соғыстағы жеңіс Әлиевтың саяси карьерасын тағы біраз мерзімге ұзартты. Бірақ, бұл да уақытша.

Таулы Қарабаққа Әлиев әлі айналып соғады.  Себебі елге берген уәдесі бар. «Қарабақты түгел қайтарам» деген президенттің сөзін ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Сондықтан кешегі келісімнің кезі келгенде күші жойылады. Бәріне уақыт төреші. Түркия иек қақса, Әлиев атқа қонары анық.

Армения? Ереван – саяси тоқырауға тап толғанын өзі де аңдамай қалды. Пашинянның орынтағы шайқалыңқырап тұр. Әне-міне отставкаға кетуі  әбден мүмкін. Халық оған қатты ызалы.


Алаңдағы адамдар Таулы Қарабаққа қатысты мәміле –ойсырай ұтылғанының белгісі деп есептейді. Пашиняның ақыры тақау. Алдағы күнде билік ауысуы мүмкін бұл елде.

Бітімгерлер не бітіреді?


Бұл идеяны Лавров өткен айдан бері тықпалап жүр. Осы күнге дейін осы тарапта түрлі келіссөз жүрді. Бұл идеяның түп өзегі – Мәскеуден тарағаны анық. Кейін Түркия қапталдаса кетті.

Таулы Қарабаққа бітімгер кіргізу Сирия үлгісіне ұқсас. Ресей мен Түркия сол жақта дәл осындай механизм құрып, аймақты күзетуді бірлесе атқарып жүр. Былайша айтқанда Сирия моделін Қарабаққа алып келді.

 

Әлиев пен Пашинян қандай келісімге келді?




ArmInfo ақпарат агенттігінде Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы құжат мәтіні жарияланды.

Соған сай аймаққа құрамында 2 мыңға тарта жауынгері бар Ресей бітімгерлері келеді. Ресей әскерилері Қарабаққа әзірдің өзінде аттанып кеткен.  

Бұдан бөлек құжатта келесідей талаптар бар. Атап айтқанда:

  •  Ресейдің бітімгер күштері аталған аймақта алдағы 5 жыл бойына аялдайды. Егер қандай да бір тарап ниет танытса, келісім тағы да 5 жылға ұзарады.

  • Армения 15 қарашаға дейін Келбаджар ауданын, 20 қарашаға дейін Агдам ауданы мен Газах ауданындағы территорияларды, 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын Әзірбайжанға қайтарып беруге міндетті. Армян тарабы ұзындығы 5 шақырым Лачин дәлізін бақылайтын болады. Бұл дәліз өз кезегінде Таулы Қарабақ мен Армения арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Алайда Шушу қаласын айналып өтеді.

  •  Босқындар Таулы Қарабаққа қайтып оралады. Бұл істі БҰҰ бақылауға алады.

  • Армения Әзірбайжанның батыс аудандары мен Нахичеван автономды республикасының арасындағы көлік қозғалысын қамтамасыз етуді мойнына алады. Жол қозғалысының қауіпсіздігін Ресейдің күш құрылымдары қадағалайды.


Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Әзірбайжан президенті Ілхәм Әлиев мәлімдеме жасады.

“Бұл келісімге екі елдің де көңілі толады. Бітімгерлер арасында Ресейден бөлек, Түркия әскері де бар. Бұл келісім біздің Қарабақ соғысында жеңіске жеткеніміздің белгісі. Соғыс аяқталды, енді кезекте келіссөздің саяси сатысына өту керекпіз”, – деді Әлиев.

...

Осының алдында Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян Әзірбайжан президенті Ілхәм Әлиевпен бітімге келіп, Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеген.

Пашинян өзінің бұдан өзге амалы қалмағанын айтқан.

“Бұл ұйғарым соғыс жағдайы және әскери ахуалмен жете таныс азаматтармен ақыл-кеңескеннен кейін қабылданды. Сарбаздарымыз террористерге, НАТО-дағы саны жағынан екінші орында тұрған мемлекет пен Әзірбайжан әскеріне қарсы қасық қаны қалғанша қарсыласты. Бұл айтуға ғана оңай шаруа”, – деді армян премьері.

НАТО әскерін тілге тиек еткен Пашинян осы арқылы Әзірбайжанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Түркияны меңзегені анық. Өз кезегінде Баку да, Анкара да “ұрыс алаңында өзге елдің әскери күші жоқ” деп мәлімдеген.

“Соғысты тоқтату туралы мәмілеге келдік. Бұдан өзге амал-шара жоқ. Дәл қазір неге бұлай болғанын ашып айта алмаймын, себебі бұл онсыз да ауыр ахуалды одан сайын ұшықтырып жіберуі мүмкін әрі ұрыс алаңына тікелей әсер етері анық”, – деген еді орайда Пашинян.



Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзірбайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында.

Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзірбайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты.

Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзірбайжан босқынға айналды.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости