Тоқаев ресейлік БАҚ-тың айыптауына жауап қатты

Dalanews 29 сент. 2023 06:59 939

Президент Тоқаевтың Германия сапары ресейлік медиа алаңда қызу талқылануда деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Берлиндегі басқосу барысында Мемлекет басшысы Ресейге салынған санкцияларға тоқталып, «Қазақстанға қатысты күдік болмауы тиіс» деген еді.

"Қазақстан санкциялық тәртіпті ұстанатынын шегелеп айтты. Біз санкцияны сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз. Берлиннің санкцияны айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күмәні болмауы тиіс", – деген болатын Тоқаев.

Президенттің мәлімдемесі ресейлік ақпарат құралдарының назарына ілігіп, айыптау сарынындағы материалдар жарық көре бастады. «Астана Мәскеуден іргесін аулақ салып, біртіндеп Батысқа бет бұруда...» деген  риторика күшейе түсті.

Осыған орай қойылған «Қазақпараттың» сауалына президент Тоқаев келесідей жауап қатты.

«Қазақстан «антиресей» емес. Екі елдің шекарасы жеті мың шақырымға созылып жатыр. Ресеймен жан-жақты, сан-салалы әріптестік орнату ұстанымынан айныған жоқпыз. Сауда және гуманитарлы байланыстан бөлек, өзге салаларда да ертеден келе жатқан сабақтастық бар», - деді Президент.

Тоқаевтың атап өткеніндей санкциялық текетірестің түбі тұйыққа тірейді.

«Мен бұл туралы БҰҰ-ның Бас Ассемблеясында егжей-тегжейлі айтқанмын. Санкциялық шайқас халықаралық қарым-қатынастың іргетасын шайқалтып, осы күнге дейінгі атқарылған шаруаны эрозияға ұшыратады.

Қазақстан санкциялық тізімге енген тауарларды алып-сатумен айналыспайтынын баса айтқым келеді! Тиісінше, Ресейге бағытталған паралеллді импортқа да біздің қатысымыз жоқ», – деді кесіп айтты Мемлекет басшысы.


Десе де, дәстүрлі тауар нарығында Ресеймен арадағы сауда-саттықтың көлемі артып келеді. Тоқаевтың мәлім еткеніндей былтыр бұл көрсеткіш 25 млрд долларға жетіп жығылған. Түнеукүні Астанада өткен «ИнноӨндіріс» көрмесіне премьер Мишустин бастаған Ресей делегациясы арнайы келген.

«Алайда», - дейді Тоқаев. Қазақстан санкциялық шектеулер мен тыйымдарды қаперге алуға мәжбүр. Бұл мәселеде халықаралық ұйымдармен ұдайы байланыстамыз.

Осы сәтті пайдаланып, барша дипломаттарға үн қатқым келеді: Ресей мен Украинаның мүддесіне сай келетін, келіссөз тетігін табу қажет. Бұл мәселені кейінге шегеруге болмайды. Адамзат баласы қауіпті өткелдің табалдырығында тұр», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, президент ресми сапармен Германияға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесті. Жоғары деңгейде өткен келіссөздерден кейін екі ел басшысы бұқаралық ақпарат  құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасаған.



Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жөнінде, Украина төңірегіндегі қақтығыстарға қатысты сұрақтар қойылған.

«Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын.

Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек.


Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рекомендовать
Последние новости