Тоқаев несие алушыларды қолдау шараларын қабылдауды тапсырды

Dalanews 16 нояб. 2021 13:58 807

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысын өткізген президент Тоқаев елімізде қарыз алушыларды қолдау шараларын қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қыркүйек айында Алматыда болған трагедия қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл еш себеппен ақтап алуға болмайтын қылмыс. Біз барлық мәселелер қатаң түрде заңға сәйкес шешілуі керек құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Өз бетінше жаза құрастыруға ешкімнің құқы жоқ.

Бұл қайғылы жағдай қарыз алушылардың қарыз міндеттемелерін орындамау мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін, мүлікті алу мен іске асырудың жетілмегендігін, ашық еместігін, банктердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті дұрыс бағаламауын көрсетеді", - деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда Қазақстанда 540 мың адамның 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар. Жалпы көлемі – 354 млрд теңге. Осыған байланысты президент қаржы секторына нұқсан келтірмей қарыз алушыларды қолдау шараларын қабылдау қажеттігін айтты.


"Қаржы секторына зиян келтірмей, қарыз алушыларды қолдау үшін сараланған шаралар қабылдау қажет. Екінші деңгейлі банктердің кепіл саясаты икемділігін қамтамасыз етіп, бағалау қызметін реттеуді күшейту керек. Қарыз алушыға кепілдегі мүлкін мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылғанға дейін үш ай ішінде өз бетінше сату құқығын беру керек.

Егер қарыз алушының сатылған мүлігі негізгі борышты өтеуге жетпесе, қалған берешек есептен шығарылуы керек. Егер мерзімі өткен берешектің мөлшері оның бағалау құнының 15%-ынан аз болса, кепіл мүлкін өндіріп алуды шектеу қажет. Ал мерзімін өткізіп алу – 6 айдан аспауы керек. Бірақ бұл үшін борышкердің басқа мүлкі болмауы керек және табысы ең төменгі айлық есептің көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспағаны жөн", - деді президент", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Тоқаев аукциондық сауда-саттықтың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету қажет екеніне тоқталды.

"Аукционға шығарылған кепілдегі мүлік бағалау құнының 70%-інен төмен бағаға сатылмауға тиіс. Мұндай сауда-саттыққа кепіл ұстаушыларды, яғни банктерді, олардың қызметкерлерін, үлестес және сенімді тұлғаларын жіберуге болмайды. Сауда-саттыққа борышкер мен жақын туысқандарының бір мезетте қатысуын болдырмау керек", - деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, ол бағалаушыға қойылатын талаптарды қатаңдату керек екенін атап өтті. Айтуынша, олардың жұмыс тәжірибесі үш жылдан кем болмауы керек. Сонымен қатар бағалаушылар әр үш жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуге тиіс.

Тоқаев үкімет пен ұлтттық банкке жыл соңына дейін тиісті заңнамалық нормалар пакетін әзірлеуді тапсырды.

Рекомендовать
Последние новости