Тоқаев Жолдауындағы маңызды тезис: Жаңа Қазақстан жастарға арқа сүйейді

Dalanews 03 сент. 2022 13:59 1283

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел ертеңі жастардың мәселесін тілге тиек ете кетті. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі деп атап өтті.

«Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы ретте жастарды қолдауға  бағытталған нақты шешімдерге қатысты өз Dalanews.kz тілшісі саясаттанушы Джабрәйіл Мархиевтің пікірін білген еді.

«Президент Жолдауында жас  кәсіпкерлерді қолдау жайлы айтылды. Бұл бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі еді.

Енді жастардға мүмкіндік беру арқылы біраз дүниелер шешілмек. Мысалы, жастар арасындағы жұмыссыздық азаяды, яғни еңбек ететін жастар көбейеді, жұмыс орындары ашылады. Кәсіби мамандардың саны артады.

Жаңа Қазақстанның билігі тарапынан қолдау көрген жастар,  он жылдан кейін Қазақстанның экономикалық қозғаушы күші болуы әбден ықтимал» деді Джабрәйіл мырза.

Иә, еліміздегі жастардың жан-жақты, креативті екені даусыз. Ендігі жерде сол буын өкілдеріне Президент жолдауы тағы да тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға ықпал етері анық.

«Өз кезегінде бұл жерде жаңа дарындардың, тың идеясы бар кәсіпкерлердің саны артады», – дейді сарапшы Мархиев.

«Еліміздегі жас азаматтардың идеялары, әсіресе кәсіпкерлік жағынан ізденістері ерекше. Әлемдік деңгейден қалғысы келмей, көшпен бірге келеді. Қазіргі Жолдауда айтылған жеңілдетілген несие болашақта өз жемісін беретініне кәміл сенемін», – дейді сясаттанушы.

Сондай-ақ Президент Жолдауында отандық оқу орындарының білім сапасы, студенттердің жатаханамен қамтамасыз етілуі де егжей-тегжейлі сөз болды.

«Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі.   Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі», – деді Президент.

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының  PHD докторанты Руслан Ахмағанбетов жеңілдетілген несие жайлы ойын былай білдірді.

«Бізде елдегі университеттердің басым бөлігі, мектептер сияқты мемлекеттен қаржыландырылмайды. Ал жоғары оқу ордасының профессорлық-оқытушы құрамының жалақысының өсуі, оқу орнының шығындары, коммуналдық төлемдері тікелей осы студенттердің оқу ақысына  тәуелді. Бізде қазір оқу ақысының жоғары болуы да біріншіден осыған байланысты.

Егер жыл сайын баға өсе берсе, әрине ата-аналарға балаларын оқытуда біраз қиындық тудырары анық. Осы ретте президент кешегі жолдауында білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие беруді тапсыруы дұрыс шешім деп есептеймін», – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар Президент студенттер үшін өзекті болып отырған жатақхана мәселесін де Жолдауда айтып өтті.

«Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек.

Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын.Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт.  Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады.Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

«Бұл ретте бауырлас түрік елінің моделін келтірсем», – дейді Руслан Ахмағанбетов.

«Мысалы Түркияда жатақхана мәселесімен айналысатын арнайы департаменттер бар. Ал құрылыс компаниялары егерде оқу ағарту салаларына қолдау көрсететін болса, салықтық жеңілдіктерге ие болады. Кәсіпкерлермен серіктестік орнатқан кезде осындай бір жағдайды қарастыру керек сияқты. Демек, мемлекет жеңілдік жасау арқылы әлеуметтік инфрақұрылымдық проблеманы шешуге мүмкіндік туады.

Президент тапсырма берді. Оны іске асыруда құрылыс компаниялары бар, билік өкілдері, жоғары оқу орны тарапы бар осы мәселеде бір жүйеге келсе», – дейді сарапшы.

Ал ҚР президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында мемлекет басшысының Жолдауына қатысты мынадай пікір білдірді.

«Президент сондай-ақ Үкіметке жастарға арналған жаңа 100 мың жұмыс орнын ашуды, оларға кәсібін ашу үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді тапсырды. Яғни, жас өрендер маман, кәсіпкер ретінде қалыптасып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы тиіс. Бұл жастарға балық емес, қармақ берудің бір тәсілі» деп айтып өтті.

Президент Тоқаев Жолдау жолдады, енді қолдау ғана емес, саяси құжатта көрсетілген міндеттерді тездетіп орындау да маңызды болмақ.

Рекомендовать
Последние новости