Тоқаев бұзақы топтардан бейбіт шерушілерді бөліп алу керек екенін айтты

Dalanews 17 февр. 2022 16:01 744

Кейбір құқық қорғаушылар «Қанды қаңтарда» бейбіт шеруге шыққан қарапайым азаматтарды бұқақылардың қатарына қосып, өз ісін ақтауға әрекеттенгені жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» арнасына берген бүгінгі сұхбатында осы мәселенің басын ашып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді.

Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.

Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі, – деді.

Бұдан кейін Президент бұзақы топтардың арасында бейбіт шерушілерді бөліп алуымыз керек екенін тілге тиек етті.

– Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды. Енді, оларды, лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды.


Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңда шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді.

Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын, – деп Президент халықтың өрікпеген көңілін басты.

Рекомендовать
Последние новости