Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 10 қаңтарда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды, деп жазады Dalanews.kz.
Түзетулердің бірінші блогы мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы, жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қарастырылған, сондай-ақ бес жастан асқан балаларды қамтитын "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мақсатында әзірленген.
"Біржолғы бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы және одан кейінгі жылдары 5 жасқа толатын балаларға төленеді. Оның мөлшері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептеледі. "Келешек" жүйесі жыл сайын 5% мемлекеттік сыйлықақы, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7% мемлекеттік сыйлықақы көзделген қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Яғни қаржыны техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіруге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады", делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетсек, аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша, айына 1 АЕК (3 932 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.