Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген ақшаны қалтасына басқандардың үкімі өзгеріссіз қалды

Көркем Алдабергенова 13 нояб. 2025 16:06

Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлаған қарақшылардың үкімі күшінде қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл 7 қарашада Ақмола облыстық сотының апелляциялық алқасы 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің басшысы Қаранағаев, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшылары Орлов пен Серікбаевқа қатысты соттың айыптау үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған қаражаттар 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген.

Іс Ақмола облысы арнайы прокурорларымен тергелген болатын.

Ұрлықты ұйымдастырушы Серікбаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2)-ші тармағы (талан-таражға салу) бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Мердігер ұйымның директоры Орлов ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2) тармағы, 218-бабының 3-бөлігі 3) тармағы (талан-таражға салу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, мүлкі тәркіленіп, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Атбасар аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Қаранағаев ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 айға нақты бас бостандығынан айырылды.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатпайды.


Рекомендовать
Последние новости