Бәсекелесін өлтірді деген күдікпен ұсталған қылмыскер Литвадан Алматыға экстрадицияланды

Асель Қайратқызы 13 нояб. 2025 15:56

Бүгін Алматыға Литвадан кісі өлтіріп, қаруды заңсыз сақтады деген күдікпен 17 жыл бойы іздестірілген қазақстандық экстрадицияланды,  деп хабарлайды Dalanews.kz  Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2007 жылы күдікті мен оның сыбайласы заңсыз пайда табу мақсатында Алматыға келген.

«Олардың қылмыстық әрекеті өзге қылмыстық орта өкілдерімен жанжалға әкеліп соққан, сол себепті олардың біреуін өлтіруге шешім қабылдаған. 2008 жылы 19 мамыр күні қылмыскерлер өздерінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асырып, жәбірленушіні өз үйінің ауласында аңдып жүріп, оған тапаншадан бірнеше рет оқ атқан.

Алған жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған. Қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілердің бірі ұсталып, кейін сотталған, ал екіншісі бой тасалап үлгерген. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған», — деп хабарлады прокуратура.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті өз деректерін өзгертіп, Еуропада жасырынып жүрген. 2025 жылғы тамыз айында ол Литва шекарасынан өту кезінде ұсталған. Кейін ол Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Айыпталып отырған қылмыстар үшін 10 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу түріндегі жаза көзделген.


Рекомендовать
Последние новости