Қазақстан – есірткі тұтыну бойынша әлемде 8-орында

Асель Қайратқызы 12 нояб. 2025 10:00

Қазақстан соңғы жылдары есірткі тұтыну көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте 8-орында. Елде синтетикалық есірткілердің таралуы, әсіресе, жастар арасында қауіптің жаңа толқынына себеп болуда. Мефедрон, экстази және басқа да химиялық есірткілер тез таралып, олардың салдары күннен-күнге күрделеніп келеді.

Осы күрделі тақырыпты тереңірек түсіну үшін біз «Esbol Qory» қорының жетекшісі Жандос Ақтаевпен сұхбаттасып, Қазақстандағы нашақорлықтың қазіргі жағдайы, тәуелділіктің алдын алу шаралары, жаңа технологиялар мен заңнамалық жаңалықтар жайында пікірін білдік, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

2004 жылы Қазақстан жастар конгресінің бастамасымен құрылған «Esbol Qory» қоры алғашқы күннен бастап жастарды біріктіріп, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді. 2022 жылы Жандос Ақтаев «Esbol Qory»-ның тізгінін қолға алып, жастарды есірткіден қорғау мен профилактика ісін жүйелі жүргізуді бастады.

– «Сол кезде синтетикалық есірткілердің нағыз “бумы” басталған еді. Ел бойынша мефедрон мен басқа да синтетикалық есірткілер жаппай тарады. Біз бұған бейжай қарай алмадық. Себебі жастардың болашағы, қоғамның саулығы тікелей осы мәселеге байланысты», – дейді қор жетекшісі Жандос Ақтаев.

Қордың басты мақсаты – тек күрес емес, тәуелділікке апаратын жолды кесу, яғни профилактиканы тұрақты және ғылыми негізде жүргізу.

Синтетикалық есірткі: көзге көрінбейтін эпидемия

Бүгінде Қазақстанда ресми түрде 18 мыңнан астам адам мемлекеттік наркологиялық есепте тұр. Бірақ Ақтаевтың айтуынша, бұл тек көрінетін бөлігі ғана.

– «Бұл өте төмен көрсеткіш. Себебі көпшілік есепке тұрудан қорқады. Олардың жұмысқа орналасу, құжат рәсімдеу, қоғамда ашық өмір сүру құқықтары шектеледі. Сондықтан олар жеке орталықтарға барады. Бірақ жеке орталықтар бірыңғай есеп жүргізбейді. Ал бізге нақты статистика керек — мәселенің шынайы ауқымын түсіну үшін», – дейді ол.

Қор тәуелділердің нақты санын анықтау мақсатында жеке реабилитациялық орталықтармен құпия деректер негізінде ұлттық мониторинг жүйесін құруды ұсынып отыр. Бұл жүйе жеке ақпаратты жарияламай, тек жас, жыныс, аймақ бойынша динамиканы көрсетпек.

«Мефедрон, альфа-PVP, амфетамин секілді синтетикалық заттар кең тарады. Бұрын көбіне табиғи (органикалық) заттар – марихуана, кокаин қолданылса, соңғы жылдары арзан әрі оңай өндірілетін синтетикалық есірткілер жастар арасында тез тарап кетті. Қазақстанда ең танымал есірткі – мефедрон. Органикалық есірткілер табиғи жолмен өсірілетін өсімдіктерден (марихуана, кокаин) жасалса, синтетикалық есірткілер – химиялық жолмен жасалатын заттар (мефедрон, амфетамин, экстази, LSD)»,- дейді Жандос Ақтаев.

Тәуелділіктің тамыры — психологиялық жарақат

«Esbol Qory» мамандары мен зерттеушілері тәуелділіктің себебін тек химиялық әсермен емес, адамның психологиялық жағдайымен байланыстырады.

Олар жүргізген сауалнамалар мен терең сұхбаттар көрсеткендей, есірткіге әуестенудің артында әрқашан ішкі дағдарыс, жарақат немесе отбасылық қиындықтар тұрады.

– «Психологиялық тұрғыдан тұрақты, өзін өзі таба алған адам ешқашан әдейі тәуелді болмайды. Бұл – қашу формасы. Көпшілігі өміріндегі ауыр сезімнен, жалғыздықтан, күйзелістен қашып, есірткіге жүгінеді», – дейді Ақтаев.

Айта кететін болсақ,  «Esbol Qory» 2023 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет лудомания (құмар ойын тәуелділігі) бойынша ғылыми зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу барысында қор мамандары жүздеген лудоманмен терең сұхбат, мыңдаған азаматпен сауалнама, сондай-ақ психологтар мен сарапшылармен талдау жүргізген.

Цифрлық қауіпсіздік және Meta-мен серіктестік

Тәуелділік тек физикалық немесе ойын формасында емес, цифрлық кеңістікте де пайда болуда. Сол себепті қор соңғы екі жылда киберқауіпсіздік пен онлайн гигиена тақырыбына ерекше назар аударып, Meta компаниясымен (Facebook, Instagram) жұмыс істеп келеді.

– «Біздің мақсат – жастарды цифрлық әлемде қауіпсіз болуға үйрету. Интернеттегі жалған жұмыс ұсыныстары, есірткі жарнамалары, агрессивті контент – бұлардың бәрі жаңа заманның қауіпті жүйесі», – деп бөлісіп өтті Ақтаев.

«MERGEN»: жасанды интеллект арқылы наркобизнесті тоқтату

2022 жылдың соңында қор «MERGEN» ақпараттық жүйесін іске қосты. Бұл жүйе — жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін автоматтандырылған жүйе.

Ол Telegram және басқа да онлайн алаңдардан есірткі сатуға, курьерлік жұмысқа немесе жарнама жасауға бағытталған контентті автоматты түрде анықтап, бұғаттауға арналған цифрлық жоба.

– «Біз қазірдің өзінде 5 мыңнан астам наркомагазинді анықтап, бұғаттадық. “MERGEN” жүйесіне тек есірткі жарнамасын емес, ұлтаралық араздық тудыратын, қоғам тұтастығына зиян келтіретін контентті табуды да үйретіп, бұл жобаны әрі қарай дамытуға үлес қосып келеміз. Бұл — біздің цифрлық қалқанымыз», – дейді Ақтаев.

Бұған қоса, жүйе жалған жұмыс жарнамалары арқылы жастарды наркобизнеске тарту әрекеттерін де анықтайды.

Мысалы, қор сарапшыларының айтуынша, күдікті контент түрлі онлайн плафтормаларға орналастырылады, алайды санаулы платформалар ғана бұл мәселеге назар аударады. Мысалы, OLX платформасы өзін әлеуметтік жауапкершілігі мол ұйым ретінде көрсетіп, «Esbol Qory»-мен мониторингі арқылы 120 мыңнан астам күдікті хабарландыруды дереу алып тастады. Бұл IT компаниялармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарып жатқан игі іс деп айтса болады.

«Жасыл сертификат»: дәріханаларды бақылау жобасы

Қор Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесімен бірлесіп, «Жасыл сертификат» акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты — рецептсіз тәуелділік тудыратын дәрілерді сататын дәріханаларды анықтау. Қор еріктілері “жасырын сатып алушы” ретінде елдің түкпір-түкпіріндегі дәріханаларды тексереді. Егер заң бұзушылық анықталса, материалдар Фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданып, лицензия тоқтатылады.

– «Бұрын тек айыппұлмен шектелетін. Қазір еңбегіміздің арқасында заңға өзгеріс енгізіліп, мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылды», – дейді Ақтаев.

Сондай- ақ, қор мамандары ел бойынша «Ғасыр» акциясын жүргізуде - жалған «заңсыз жұмыс» жарнамаларын таратып, әлеуметтік эксперимент жүргізген. Жарнамада “оңай жұмыс, аптасына бірнеше сағат, жоғары жалақы” делінген. Нәтижесінде 2000-нан астам адам байланысқа шыққан.

– «Бұл біз үшін үлкен дабыл. Көп адам жұмыссыздық пен қаржылық қысым салдарынан кез келген ұсынысқа келіседі. Бірақ бұл – наркокурьерлік. Біз бұл тенденцияны ашық көрсету арқылы қоғамның проблемасын айқындадық», – дейді Ақтаев.

Жандос Ақтаевтың өз жеке тәжірибесінде көрген оқиғасы: 13 жасар қыздың тағдыры

Сұхбаттасушының айтуы бойынша, қор қызметі барысында кездескен ең ауыр оқиғалардың бірі – Қосшы маңындағы жеке реабилитациялық орталықта емделген 13 жасар қыздың оқиғасы.

Ол 11 жасынан есірткіге үйреніп, өз туысының екі жыл бойғы зорлығының құрбаны болған.

– «Ол қызды өз нағашысы есірткі арқылы бағындырып, екі жыл бойы зорлап келген. Бұл тек бір мысал. Мұндай жағдайлар көп, тек Қазақстанда көпшілігі “ұят болады” деп үндемейді», – дейді Ақтаев.

Қор есірткіге байланысты қылмыс жасаған жастарға қатысты саясаттың өзгеруіне атсалысты. Қазір елде 4 мыңнан астам жас азамат есірткі тарату бабы бойынша сотталған.

– «Олардың көбі 17-18 жаста. 15-20 жыл түрмеде отыру – олардың өмірін жоюмен тең. Біз жазаны жеңілдетіп, бірінші рет ұсталғандарға мүмкіндік беру қажеттігін ұсындық. Әйтпесе, түрмеден шыққан соң олардың қоғамға бейімделу мүмкіндігі болмайды. Себебі түрмеден шыққаннан кейін олардың жоғары білімі, достары, не жұмыс орындары болмайды. Сол себепті олардың қайтадан қылмысқа бару ықтималдығы өте жоғары », – дейді Ақтаев.

Қордың негізгі ұстанымы – дәлелденген, ғылыми әдістерге сүйенген профилактика. Сондықтан «Esirtkisiz QAZAQSTAN» жобасы аясында ел бойынша мұғалімдер мен жастарға арналған тренингтер, семинарлар, акциялар өткізіліп келеді.

Есірткі қолданушылардың жаңа портреті: әйелдер көбейіп келеді, жас шамасы төмендеп барады

2022 жылы қор жүргізген әлеуметтік зерттеу қоғам үшін күтпеген нәтиже көрсетті:

тәуелділердің орташа жасы – 17 жас, ал әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда жоғарылаған.

2019 жылы тәуелділердің орташа жасы 25 болса, үш жылда бұл көрсеткіш айтарлықтай “жасарып”, қыз балалар арасында да кеңейген.

– «Бұрын ерлер арасында басым болса, қазір әйелдер көп. Әсіресе, жас шамасы жылдан жылға жасарып келеді», – дейді Ақтаев.

Сөз соңында, редакция атынан да айтар басты ойымыз: Есірткі — тек уақытша қана рахат, бірақ артында тек қасірет пен өкініш бар. Шынайы бақыт, қуаныш пен күш-қайрат — өзіңді дамытып, есірткісіз өмір сүруде!


Рекомендовать
Последние новости