Грузияда Түркияның әскери ұшағы апатқа ұшырады

Ақтоты Жапатова 11 нояб. 2025 20:11

Грузия аумағында Түркияның әскери-транспорттық ұшағы құлады, деп хабарлайды Dalanews.kz "Anadolu" агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияның Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақ бұған дейін Әзербайжаннан ұшып шыққан. Қазір Түркия мен Грузия бірлесіп іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ведомоство мәліметінше, апатқа ұшыраған әскери ұшақ бортында 20 адам болған.

Ал Грузияның Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, оқиға 11 қараша күні Кахетия аймағындағы Сигнах муниципалитетінде, мемлекеттік шекарадан шамамен 5 шақырым қашықтықта болған. 

Министрлік мәліметіне сәйкес, аталған факті бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 275-бабының 4-бөлігі (әуе көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу, адам өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша тергеу басталды.

Оқиғаның нақты себептері мен қаза тапқандар туралы мәлімет әзірге жарияланған жоқ.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған «Біздің өркениеттегі қала және кеңістік» тақырыбындағы урбанистика жөніндегі саммитте Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшыраған Түркия Әуе күштерінің C-130 әскери-транспорттық ұшағына қатысты пікір білдірді.

«Бүгін біз Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған C130 әскери ұшағының Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырағанын естідік. Қазіргі таңда біз бұл елдердің билігімен бірлесіп ұшақ сынықтарын іздеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Бұл қайғылы оқиға адам шығыны тұрғысынан барынша аз зардаппен аяқталады деп үміттенеміз. Қаза тапқандарға Алла рақым етсін», - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.


Рекомендовать
Последние новости