Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастайды

Самал Асқар 10 янв. 2026 09:25

Алматыда жақын арада Қазақстандағы алғашқы крематорий іске қосылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

9 қаңтарда жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізетін бұйрық тіркелді. Құжат крематорий қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып, елімізде кремация рәсімін алғаш рет заңнамалық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматы қаласындағы крематорий санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, ресми түрде жұмысын бастайды.

Қазіргі уақытта кремация қызметтеріне арналған тарифтерді бекіту рәсімі жүргізіліп жатыр. Қызмет құны мен көрсетілу тәртібі туралы ақпарат Алматы қалалық патологоанатомиялық бюросының ресми сайтында жарияланады.

Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыда алдағы алты-жеті жылда жерлеуге арналған орындар таусылатыны хабарланған болатын. Қалада барлығы 70 зират бар, оның 61-і бүгінде жабылған. Жаңа зираттарға арналған жер телімдері бекітіліп жатыр, алайда олар Алматы облысының аумағында орналасады.


Рекомендовать
Последние новости