Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты шұғыл жиын өткізді

Dalanews 16 авг. 2021 06:27 854

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты жиын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты кешелі бері екінші рет жиын өткізді. Жиынға премьер-министр Асқар Мамин, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері, бас прокуратура, мемлекеттік күзет қызметі басшылары мен қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қатысты", - деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Жиын барысында Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты шұғыл әрекет ету шаралары және Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Осы орайда Қазақстанның ұлттық мүддесі ескеріледі.

"Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл осы елмен бұдан былайғы ынтымақтастық бойынша шешім қабылдау үшін аса маңызды", - деп жазды Уәли.


15 тамызда президент күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізіп, Ауған Ислам Республикасындағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

Дәл осы күні Ауғанстан билігі елдің ірі қалалары Жалалбад, Мазари-Шариф, Кабулды тәлібтерге ұрыссыз бергені белгілі болды. Ал президент Ашраф Гани елден кетіп, жұбайымен бірге Өзбекстан арқылы Оманға келді.

Дүйсенбіге қараған түні Талибан* Ауғанстандағы соғыстың жеңіспен аяқталғанын мәлімдеді. Кабулда коменданттық сағат енгізілді.

*Талибан - Қазақстан, Ресей мен өзге елдерде тыйым салынған террористік ұйым.

 

Рекомендовать
Последние новости