"Тізім басында Мәсімов". Опасыздық жасады деген 15 адамның ісі қаралып жатыр

Dalanews 14 февр. 2022 15:17 799

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президентке "қасіретті қаңтар" оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы және рұқсат етілмеген тергеу әдістеріне қатысты азаматтар мен құқық қорғаушылардың мәліметтері негізінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде 3070 қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берілді. Оның 2710-ын, соның ішінде, негізінен, ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау және басқа да қылмыстарды ішкі істер органдары тергеп-тексеріп жатыр.

"Бас прокурордың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша 173 істі жүргізуде", - делінген хабарламада.

Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. Сондай-ақ арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеруде.

Тәртіпсіздіктер өршіп тұрған кезде қызметтік ғимараттарды тастап кеткен күштік құрылымдар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты бөлек тергеу жүргізілуде. Осындай әрекеттердің салдарынан Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында құқық қорғау органдарының арсеналындағы 1500-нан астам қару қылмыскерлердің қолына түскен.

6 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті 2016 жылдан бері атқарып келеді. Екі рет – 2007 жылдан 2012 жылға дейін және 2014 жылдан 2015 жылға дейін Мәсімов ҚР премьер-министрі болды.

Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталды.


Кейін ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – "А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин ұсталды.

Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1629 мылтық ұрланған. Осының тек үштен бірі немесе 967 қару табылды. Қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық факті бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бұдан бөлек Ғизат Нұрдәулетов президентке жанар-жағармай материалдары, сұйытылған газ айналымы және бағаны белгілеу, кедендік шекара саласындағы тексерудің алдын ала нәтижелері туралы есеп берді.

Мемлекет басшысы қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың конституциялық құқығын сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлі адамдарға қатысты жауапкершілік шараларын қабылдай отырып, әрбір расталған хабарламаға дер кезінде назар аударуды, сондай-ақ тергеу барысы жөнінде халыққа уақтылы ақпарат беруді тапсырды.

 

https://dalanews.kz/news/73349-masimovtyng-turmedegi-zhagdayy-qanday?fbclid=IwAR0adv6uEzgcjGayX16E5UGLeiavYkZBXAjNszavJPbLRqo8gANlN06WPbc

Рекомендовать
Последние новости