TikTok жұлдызына айналған №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бәрін тоқтаттым. Мектеп, қызмет, әлеуметтік желі”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмоншақ Нұртаза TikTok желісінде ерекше белсенділігімен көзге түскен еді. Ол 11-сынып түлектерімен бірге Димаш Құдайбергеннің орындауындағы “Тау ішінде” әніне түсірілген челленджге қатысып, видеосы 3,1 миллион қаралым жинаған. Нәтижесінде жеңімпаз атанып, Димаштың Лондонда өтетін концертіне жолдама ұтып алды.
Ақмоншақ Нұртаза мектеп өмірін әлеуметтік желіде жиі насихаттап, оқушылармен түрлі видеоролик түсіріп жүрген. Сондай-ақ жарнамалық контенттерге де қатысып, “директормен шай” атты шағын жобасын жүргізіп, жоғары сынып оқушыларымен ашық сұхбат ұйымдастыратын.
Оның бұл әрекеттері қоғамда екіұдай пікір тудырды. Бірі оны жаңашыл басшы деп қолдаса, енді бірі мектеп абыройына зиян келтіретін әрекет деп сынады.
Алайда оның қызметінен нақты қандай себеппен кеткені белгісіз.