Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздықты қоздыратын жазба жариялаған 22 жастағы қала тұрғыны ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері Карағанды қаласының 22 жастағы тұрғыны Threads платформасында ұлтаралық алауыздық белгілері бар жазба жариялағанын анықтаған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігіне (ұлттық, әлеуметтік, діни алауыздықты қоздыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Тергеу барысында күдіктінің елден кетуге дайындалып жатқаны белгілі болды. Осыған байланысты полиция сотқа оны қамауға алу туралы өтініш берді. 22 шілдеде Қарағанды қаласының тергеу соты бұл өтінішті қанағаттандырып, күдіктіні екі ай мерзімге уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім шығарды", – делінген департамент хабарламасында.
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 2000-нан 7000 АЕК (7 863 000 – 27 524 000 теңге) көлемінде айыппұл немесе екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін аталған азаматшаның жазбасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді. Көптеген қолданушылар оның сөздерін арандатушылық және қорлаушы деп бағалады. Кейін ол өз мәлімдемелері үшін көпшілік алдында кешірім сұрап, видеоүндеу жариялаған болатын.