Теміртауда үш жылда бітпеген саябақ: тұрғындар 500 миллион теңгенің қайда кеткенін сұрады

Көркем Алдабергенова 03 июл. 2025 13:27

Теміртау қаласында бірнеше жылдан бері аяқталмай келе жатқан демалыс алаңы тұрғындардың ашуына тиді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 423,5 миллион теңгеге қарамастан, жоба толық аяқталмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі таңда саябақта ағаштар қурап, айналасы арамшөп пен қоқысқа толған. Ең қауіптісі – балалар ашық жатқан электр сымдарының жанында ойнап жүр.

Жобаны екі жыл ішінде аяқтау жоспарланған. Алайда құрылыс басталғанына үш жыл өтсе де, саябақ әлі халық игілігіне берілген жоқ. Мердігер ретінде елордадағы «ИКАС» ЖШС компаниясы таңдалған.

"Халықтың 500 миллион теңгесі қайда кетті? Қайда сол ақша? Үш жылда неге бұл жер аяқталмады? Бұл алаң сонша қаражатты талап етеді деп ойламаймын", – дейді ашынған жергілікті тұрғындардың бірі.

Олардың айтуынша, алаңда тек қураған қайыңдар мен арамшөп, жерден шығып жатқан электр сымдары және сынған құрылымдар ғана бар. Тұрғындар бұл жағдайға аудан депутаты Алексей Ломакин мен қалалық әкімдікті тікелей жауапты деп санайды.

"Үш жылда мына кішкентай алаңды ретке келтіре алмау – ұят. Қарапайым шаршы метр. Басқа елдерде бүтін қалалар мен шағын аудандар салынып жатыр. Ал бізде бір саябақты бітіру үш жылға созылады. Бұл күлкілі емес пе?", – дейді тағы бір тұрғын.

Алаңда орнатылған бейнебақылау камералары да жұмыс істемейді, бірақ олардың қызметіне бюджеттен қаражат бөлініп жатыр. Бұл да тұрғындардың наразылығын күшейткен.

Саябақ ресми түрде пайдалануға берілмегендіктен, оны күтіп-ұстау мен тазалық жұмыстары мердігер компанияның жауапкершілігінде. Алайда жергілікті халық мердігер де, әкімдік те, депутаттар да жобаны аяқтауға енді мүдделі емес деп есептейді.


Рекомендовать
Последние новости