Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімдігінің бұрынғы шенеунігі Дмитрий Руденко бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталды. Бір қызығы, бұл оның кейінгі бір жыл ішіндегі екінші сот үкімі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тайынша аудандық әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарған Руденко осыған дейін де пара алғаны үшін жеті жылға сотталған. Онымен бірге аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Еркебұлан Дүйсембин мен кәсіпкер Ваге Акопян да жаза арқалаған еді. Бірақ, бірінші соттың сиясы кеппей жатып, екінші ісі басталды.
Бұл жолы Руденко 189-бап (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену және талан-таражға салу) бойынша жауапқа тартылды.
Оқиға былай болған: 2023 жылы күзде Тайынша қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мұз айдыны мен полиция пунктін орталық жылу жүйесіне қосу үшін жылу құбырын салу керек болады. Жұмыс құны 4 миллион теңге деп есептеледі.
Қызығы да осында басталған: аудандағы құрылыс бөлімінің басшысы Руденко бұл қаражатты бюджеттен бөлуге мүмкіндік барын көріп, басқа компанияға («СтройСметаКZ» ЖШС) хабарласады. Олар құрылыс шығындарын монтаж жұмыстарымен бірге 24 миллион теңгеге бағалап береді.
Айыптау қорытындысына сәйкес, осы кезде Руденко мемлекет қаржысын заңсыз иемденуді жоспарлайды. Ол аудандық кәсіпкерлік субъектісі «Рассвет» жеке кәсіпкерлігімен жалған келісімшарт жасасып, бюджет ақшасын сол арқылы қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған.
Сөйтіп, аудан әкімдігі мен кәсіпкер арасындағы келісім бойынша 24 миллион теңгенің 4 миллионы нақты жұмыс істеген «ТайыншаКоммунСервис» серіктестігіне аударылып, қалған 20 миллион теңгені Руденко өз қажетіне жаратқан.
Сот отырысында шенеунік өзіне тағылған айыпты мойындамады. Айтуынша, ол әлеуметтік маңызы бар нысандарды аяздан қорғау үшін әрекет еткен және тіпті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 40 мың теңгені қалтасынан шығарған. Оның сөзіне сенсек, қалған қаражат қосымша жұмыстарға жұмсалған.
Бірақ аудандық сот бұл уәжді негізсіз деп тапты. Руденконы 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Бұған дейін Петропавл қалалық сотының 7 жылға бас бостандығынан айыру үкімі болғанымен, заң бойынша қатаңдау жаза ғана қолданылады. Осылайша ол сегіз жылға сотталды. Бұдан бөлек, Руденко өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет ету құқығынан айырылды.
Сондай-ақ сот үкімімен ол Тайынша ауданы әкімдігіне келтірілген 16 миллион теңгеге жуық қаражатты толық өтеуге міндеттелді.