Текеліде қос үйдің құрылысы басталды

Dalanews 21 мая 2021 04:10 796

«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Текелі қаласында 40 пәтерлі жалдамалы екі тұрғын үйдің құрылысы басталғалы бір айдың жүзі болып қалды.

Өткен аптада Алматы облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаев «Достық» шағынауданындағы Әл-Фараби және Сейфуллин көшесінде іргетасы қаланып жатқан үйлердің құрылыс қарқынымен танысып, жұмыстың сапалы болуын және тиісті мерзімде аяқталуын басты назарда ұстауды тапсырды. Тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі мен мердігерлік міндетті мойнына алған «Шымыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі бірдей бес қабатты қырық пәтерлі тұрғын үйді алдағы қарашада пайдалануға беру үшін қыстың он күніне татитын жаздың әр күнін тиімді өткізіп, барынша қимыл ширатқандары жөн. Қазіргі таңда екі құрылыс алаңында 30 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыс көлемі алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес орындалуда.



Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов: «Сексен пәтердің тең жартысы көп балалы аналарға, қалғаны жетім балаларға және ерекше мұқтаждықтары бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Құрылыс жұмыстарының тоқтаусыз жүруін және пайдаланылатын барлық материалдың сапалы болуын қатаң қадағалап отырамыз», – деді.

Соңғы жылдарда қаламызда баспаналы болып қуанған тұрғындардың қатары алдағы уақытта тағы толығатыны әлеуметтік әлеуетімізді айшықтап, көңілге қуаныш ұялатады.

 Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ,
 Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы


Рекомендовать
Последние новости