Тайжан: НАТО шығысындағы әлсіз, бұзақы әрі араққұмар көршісіне «отпен ойнамауды» ескертті

Dalanews 11 июл. 2016 10:10 757

Қоғам қайраткері, саясаткер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «күні кешегі НАТО саммиті несімен маңызды? Осыған көңіл бөлдік пе? Осы туралы айтайын» — деп, пікір білдіріпті. Бұл туралы kaz.365info.kz

Шығыс Еуропа және Балтық елдері өздерінің тәуелсіздігі үшін соғыс жылдарынан кейін 40 жыл бойына күресті.  Олар шынымен де өжет еді және еркіндік алуды аңсайтын: Будапешт 1956, Прага 1968, Варшава 1980, Вильнюс 1991 жылы тәуелсіздік алды…

Анығында, шынайы тәуелсіздікке бұлар КСРО құлағаннан кейін ғана қол жеткізді. «Қызыл империяны» мұнайдың бағасын құлдыратқан және қарулану жарысында оза шапқан Батыс «тұншықтырып» тастады.

Қазір де сол көрініске куәміз. КСРО жоқ, «өлген империяның» жұртында қалған жалғыз ел – Ресей әлі де жанталасып жатыр. Өткенді ұмыта алар емес. Өкініші көп. Онымен көршілес қонған біздер жаңа неоимперия толық күйрегенде ғана шынайы тәуелсіздік аламыз.
Неоимперияны «тұншықтыра» алатын жалғыз күш – Батыс.

Сол себепті де мен НАТО-ның әскери іс-қимылдарының және экономикалық санкциялардың барысын мұқият бақылап отырамын.

Кешегі НАТО саммитінің шешімі Батыстың Ресейге қатысты иллюзиядан толықтай арылғанын және Шығыс Еуропаға қатысты нақты жоспар қабылдағанын көрсетті. Ол не жоспар?


— Польша және Балтық елдеріне тұрақты мақсатта бір-бір батальон кіргізіледі.

— Альянстің аймақтағы әскери-әуе күштері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі (ПВО) күшейтіледі.

— Румыниядағы әскери база нығайтылып, Қара теңізде Болғар-Румын әскери-теңіз торабы пайда болады.

— АҚШ Испаниядағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін НАТО-ның толық басқаруына тапсырады.

— Жерорта теңіздегі НАТО-ның әскери қатысуы күшейтіледі.

— Киевке көрсетілетін әскери көмек одан сайын артады. Сонымен қатар, осы саммитте алғаш рет НАТО-ның мүшелігіне Грузия мен Молдованың кіруі мүмкін екені айтылды.

— Сонымен қатар, ұзақ уақыттан бері алғаш рет альянс өз шекарасын посткеңестік елдер арқылы кеңейтетінін мәлімдеді. Бұл альянстің және тәуелсіз елдердің шешімі болады. Бұған көлденең көк аттының килігуге құқы жоқ.

— НАТО Ресейден Донбасстағы сепаратистерге көмек көрсетуді доғаруды және Қырымды Украинаға кері қайтаруды талап етті.


Қысқасы, Батыс өзінің шығысындағы әлсіз, бұзақы әрі араққұмар көршісіне «отпен ойнамауды» ескертті. Енді соңғысы, өзінің жүріс-тұрысын түзеуді мұқият ойланып – ауладағы балаларды ренжітпеуді, боқауыз сөйлеуді және араққа салынғанын доғаруы керек.

Түсінгенім, кешегі саммиттің қорытындысын естіген араққұмар әзір өз көзіне өзі сенер емес. Тіпті, ауыз ашатын шамасы жоқ. Саммит өтіп кетті.
Ал қарсы тарап тыныш. Ешқандай мәлімдеме, қарсы жауап… ештеңе жоқ.

Көр де тұрыңыз, бұдан кейін араққұмардың сөзі де, әрекеті де өзгеруі әбден мүмкін. Себебі, шынтуайтында, оның өзінен әлсіздер мен кішілерге ғана күші жетеді.

Рекомендовать
Последние новости