Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жетісулықтарға мемлекеттік наградалар табысталды

Dalanews 11 дек. 2021 09:43 745

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы облысына Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен келді. Сенат Спикері Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен бірге Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жиынға қатысып, жетісулықтарға мемлекеттік наградалар тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еліміздің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында өтті. Жетісу жұртшылығымен кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының негізгі кезеңдеріне және еліміздің 30 жылда қол жеткізген табыстарына тоқталды. Сенат Спикері осы жылдар ішінде еліміз шекараны шегендеп, жаңа экономикалық жүйеге көшіп және оны нығайтып, мемлекеттік институттардың берік негізін қалағанын айтты.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімімен Арқа төріне жаңа елордамызды тұрғыздық. Астананы салу тұтас елдің экономикасына мультипликативті әсерін тигізді. Қазіргі таңда Нұр- Сұлтан қаласы барлық сала мен өңірге қан жүгірткен еліміздің нағыз жүрегіне айналды», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздік алғалы Алматы облысының өсіп- өркендегенін және осы кезеңде өңір тұрғындарының тұрмыстық жағдайы артқанын тілге тиек етті. Аймақта ірі кәсіпорындар бой көтеріп, мыңдаған жұмыс орны ашылғанына назар аударды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту бағдары Қазақстанның дамуына тың серпін бергенін және соның аясында саяси, әлеуметтік реформаларды іске асыруға жол ашылғанын жеткізді.

«Саяси бәсекенің нығаюына ықпал еткен маңызды шешімдер қабылданды. Әлеуметтік саланы дамытуға айтарлықтай назар аударылды. Мұғалімдердің, медицина, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы едәуір ұлғайды. Ұстаздардың мәртебесі өсті. Мүгедектерді қолдау бағытындағы заңнамалық база нығая түсті. Экономиканы әртараптандыру ісі жаңа қарқынмен жалғасын тапты», - деді Мәулен Әшімбаев.

Салтанатқа жиналған көпшілікті Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та құттықтап, тәуелсіздіктің ел дамуындағы мән-маңызына тоқталды:

– Биыл барша қазақстандықтар тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуде. Елдігіміздің алтын арқауы, бірлігіміздің берік бастауы болған осы мерейлі мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Өз Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл бастамасымен және өлшеусіз еңбегімен жаңа да жасампаз дәуірге қадам басты. Осы жылдар ішінде ғасырға бергісіз мүмкіндіктерге жол ашылды, ауқымды жұмыстар атқарылды. Елбасының салиқалы саясатымен іске асырылған ұлан-ғайыр істерді қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып келеді.

Тарихқа тағзым ету, тұлғаларды тану, елдікті құрметтеу, тәуелсіздікті одан әрі нығайту – бәрімізге артылған үлкен міндет, бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Бұл ретте қарапайым азаматтардың мемлекет дамуына қосқан үлесі зор. Олар елдің ертеңіне сенді, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті, табандылық танытты. Бұл Тәуелсіздігіміздің нығаюына өз септігін тигізді, – деді  Қанат Бозымбаев. Осы орайда облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне белсене араласқан бірқатар азаматтардың есімін құрметпен атап өтті. Сол сияқты тәуелсіздік жылдарында Алматы облысының жеткен жетістіктеріне де тоқталды. Мәселен, халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың арқасында тәуелсіздік жылдарында өңірде 548 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 1999 жылдағы 14,2%-тен 2021 жылы 4,8%-ке төмендеді. 15 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй, 198 мектеп, 1 мыңнан астам балабақша, 32 спорт нысаны, 153 медициналық мекеме, 7 фармацевтикалық зауыт іске қосылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 67-ден 72 жасқа жеткен.

Мұндай   іргелі    істерге    мемлекет    қолдауының    арқасында    қол

жеткізілгенін айта келе, облыс басшысы тәуелсіздікті нығайтудың бірден бір жолы татулық пен тұрақтылықты сақтау, еселі еңбек ету екеніне тоқталып, жетісулықтарға тілегін білдірді:

- Отанымыздың Көк туы биікте желбіреп, бейбіт таңымыз арайлап ата берсін! Еліміз аман, заманымыз тыныш, шығар биіктеріміз көп болсын! Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, Мәңгілік Елдің мұраты жолында абыройлы еңбек ете берейік! – деді Қанат Бозымбаев.

Шара марапаттау рәсімімен жалғасып, жетісулық азаматтарға М.Әшімбаев пен Қ.Алдабергенов мемлекеттік наградалар тапсырды.

«Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Шапағат» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы жалпы саны 80-ге жуық адамға берілді. Шара патриоттық рухтағы мерекелік концертпен түйінделді.

Мәулен Әшімбаев облысқа сапары аясында «Талдықорған» жүзу бассейніне және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Студенттер үйіне арнайы ат басын бұрды. Одан бөлек, жергілікті Тәуелсіздік құрдастарымен кездесіп, егемендіктің 30 жылында атқарылған жұмыстың бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақты қолдауға бағытталғанын айтты. Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғау, оны қадірлеу және нығайту барша қазақстандықтың ең басты міндеті екенін, бұл ретте, әсіресе, жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін де тілге тиек етті.

«Бүгін сіздер 2050 жылдың жастары үшін хат әзірлеп отырсыздар. Еліміз осы ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Бұл хатты сол үлкен елдік мақсатымыз орындалған қоғамның жастары оқиды деп сенеміз. Ал бүгінгі жас буын сол жарқын қоғамды қалыптастыру үшін аянбай еңбек етуі керек. Жастарымыз бұл міндетті абыроймен орындайды деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Рекомендовать
Последние новости