"Тәуелсіздік ұрпақтары". Әр саланың үздік жастарына 1 млн теңгенің сертификаты табысталды

Dalanews 20 янв. 2023 10:56 1401

Алматы облысында тұңғыш рет өткізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант жобасында жүзден жүйрік шыққан бір топ жас марапатталды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес,  «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты негізінде республикалық деңгейде мәдениет, ғылым, бизнес, медиа, IT саласындағы жастар бастамаларын қолдау мақсатында 2021 жылдан бастап гранттар тағайындалған болатын, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жас буынның әлеуетін арттырып, қанатын қатайту үшін Алматы облысында 15 үздік жоба қолдау тапқанын да айта кетуіміз керек.

Білімі мен білігі ұштасқан жалынды қыз-жігіттерді жарқын жеңісімен аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев құттықтады.

– Бүгінгі жастардың білімге, инновацияны үйренуге, шет тілдерін меңгеруге деген талпыныстары, еңбекқорлығы бізді қуантады. Жеңімпаз атанған жобалар өңіріміздегі өзекті мәселелерді шешуге, мемлекеттік жастар саясатын жемісті жүзеге асыруға серпін беретін жасампаз істердің бастауы болсын. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалпы, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді Алматы облысы әкімі Марат Елеусізұлы.


Қоғамның әр саласында бизнес-идеялары мен өзіндік жоспарларын жүзеге асыруды көздеген жастар қарасы қалың болғанымен, алғаш рет өткізілген аталмыш грант жобасына барлығы 35 үміткер қатысқан. Солардың ішінде тек 15-і жеңімпаз атанып, 1 млн теңгенің сертификатына ие болды.

Жеңімпаздардың қатарында «Медиа» бағытында жеңімпаз атанған жас видеограф, Сәкен Құттықбай да бар. Ол ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұндай жобалар ел жастарына үлкен үмітпен бірге болашаққа деген сенім сыйлайтынын алға тартты.

– Бүгінгі күн Мен үшін өте маңызды, Себебі, Менің жобаларыма қаржылай қолдау табылды.  Менің «Медиа» саласы бойынша ұсынған жобам  «Generation» деп аталады. Қазақша айтсақ «Ұрпақ» деген мағана береді. Жоба аясында жастарға арналған 3 қысқаметражды фильм түсіріледі.

Біріншісі, «Уақыт» деп аталады. Аталған фильм жастардың уақытты тиімді қолдануды, бағалау керектігін түсіндіреді.

Екінші туындыға  «Нашақор» деген ат арқау болды. Бұл жерде жаман ортаға түсу, ішімдікке салыну кейін нашақор болуға әкелуі мүмкін екені баяндалады.

Ал соңғысы  «Құмар ойын» деп аталады. Өйткені, қазіргі таңда құмар ойындарға салынып кету өте оңай. Тіпті, үйден шықпай-ақ бүкіл мүліктен айырылып қалуға болады. Бұл жобаның мақсаты жастар дұрыс жолда жүріп, уақытты және жақындарын бағалауы ең басты құндылық екенін қалың көпке түсіндіру, – -деді Сәкен Мұхтарұлы.

Асығы алшысынан түскендер қатарында «Мәдениет» саласында грантты жеңіп шыққан Жәнібек Мақатанды атап өтуге болады.

Ол он саусағынан өнер тамған шебер. Көне музыкалық сыбызғы мен сазсырнай сынды ұлттық аспаптар жасайды. Өнерден табыс табудың жолын тапқан жігіт Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс білімгері.

Тума талантымен талайды тамсандырған жас, өз қолынан шыққан қос бірдей музыка аспабын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке арнайы табыстады.

Ал, Берік Мадиярұлы, Олжас Мүбарак, Ақбота Жетпісбай, Әзиза Раджапова, Лаура Әбілқасымова, Ернұр Қәдір, Дінмұхамед Дүйсенғали, Бекболат Бексейітов, Мәди Бердібаевтар «Бизнес» бағытында арнайы грантқа қол жеткізді. «Ғылым» бойынша Айгүл Жалғас, Бекзат Сейітмұханбетова мен Мейрамбек Жалғастар үздік шықты.


Айта кету керек, облыс халқының 19 пайызын жастар құрайды. Олардың жалпы саны – 280 мың. Бүгінгі күні оларға қолдау көрсетудің түрлі бағыттағы шаралары қарастырылған.

Мәселен, 2022 жылы облыс тарихында тұңғыш рет жергілікті жастарды баспанамен қамтамасыз етуге қолдау көрсету үшін «Алатау жастары» атты тұрғын-үй бағдарламасы бастау алды.

Бастапқы жарнасыз 60 пәтер алу үшін 600 млн теңге бөлінді. Биыл осы бағдарламаға бөлінетін қаражат көлемі 3,6 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаржы 200 пәтер алуға мүмкіндік береді.


Алматы облысы әкімі атап өткендей, мұның барлығы жастарға деген ерекше назардың айқын көрсеткіші.

Рекомендовать
Последние новости