Тәуелсіздік – Ұлы күн

Dalanews 16 дек. 2018 08:11 1309

Тәуелсіздік ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ата-бабаларымыздың егемендік үшін күресімен ғасырларға ұласқан асыл арманына жеткен күн. Тәуелсіздік күні – кеңдігінен ұшқан құстың қанаты талған, жүгірген тұлпардың тұяғы тозған ұланғайыр жеріміз – Ұлы дала елінде Тәуелсіз мемлекет құрылғанын бүкіл әлемге жариялаған – ұлы күн.

Тәуелсіздік жұлдызды 27 жылда ақ түйенің қарны жарылған, төрт құбыламыз теңеліп, көк туымыз көкте желбіреп, кең байтақ жазиралы далада қыран құстай қалықтап, тұғырға қайта қонған күн.

Бүгінгі күн даламыз – дәнге, өрісіміз – малға, отбасымыз – жанға толған күн.

Сондықтан, қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ.

Міне, тәуелсіз ел болғанымызға 27 жыл толды. Осы аз уақыттың ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізілген нәтижелер Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алуына мүмкіндік берді. Тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен үдемелі дамуындағы, ұлтаралық және дінаралық келісімнің орнығуындағы, Н.Ә.Назарбаевтың рөлі орасан.Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында ұлттық мәдениет пен тарих келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді.

Желтоқсанның ызғарымен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз.

Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен тағы да құттықтаймын! Барша шаңырақ баянды бақ-дәулетке кенеліп, елімізде ынтымақ салтанат құрып, ырысымыз ортаймасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын, ардақты ағайын!

 

Нұрбол Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі.

 

Рекомендовать
Последние новости