"Тәтішевті өлтірді" деп айыпталған Тоқмәди жазасын қысқартуды сұрады — заңгер

Қаракөз Амантай 13 янв. 2025 16:58 674

"Тәтішевті өлтірді" деп айыпталған Мұратхан Тоқмәди жазасын қысқартуды сұрап, сотқа қайта өтініш берген. Бұл туралы заңгер Анна Чернова мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Заңгердің айтуынша, Тоқмәди бұл жолы прокуратура өзін алдағанын және процессуалды әділетсіздікке ұшырағанын алға тартқан. Алайда Чернова қолындағы құжаттарға сүйене отырып, прокуратураның процессуалдық келісім шарттарын толық орындағанын мәлімдеді.

“Қасақана тапсырыспен адам өлтіру қылмысы үшін ең төменгі жаза ретінде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін бұл мерзім тағы да қысқарды. Енді бұны қалай жеңілдетуге болады? Қасақана адам өлтіру істерінде жеңіл жаза мүлдем болмауы керек”, – деп жазды ол.

Анна Чернова бұл іске қатысты сот процесі 16 қаңтар күні Қонаев қаласында өтетінін хабарлап, әділ шешім қабылданатынына сенім білдірді.

“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әділдік, заң және тәртіп бәрінен жоғары болуы тиіс. Бұл жолы да әділдік орнайды деп үміттенеміз”, – деді заңгер.

Еске салайық, 2004 жылы Ержан Тәтішев басына тиген оқтан көз жұмған еді. Тергеу банкирдің аңшылық кезіндегі "оқыс жағдайдан" қаза тапты деген қорытындыға келген.

Кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге "Абайсызда өлімге әкеп соқтыру" бабы бойынша айып тағылды. Сот оны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

2017 жылы іс қайта қаралды, Тоқмәди банкирді өлтіргенін мойындады. Іс материалына сәйкес, ол марқұмды Мұхтар Әбілязовтың қысымымен өлтірген.

2018 жылдың наурыз айында Тоқмәди 10,5 жылға бас бостандығынан айырылды.


Рекомендовать
Последние новости