Тасқыннан зардап шеккен азаматтардың шығыны қалай өтеліп жатыр?

Қаракөз Амантай 28 мая 2024 14:58 2819

28 мамырда Қазақстан үкіметі тасқыннан зардап шеккен азаматтарға шығынды қалай өтеп жатқаны жөнінде есеп берді. Үкіметтің баспасөз қызметі 30 мыңнан аса отбасы 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде бір реттік жәрдемақы алғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тасқын салдарынан Қазақстанда шамамен 12 мыңнан аса үйді және 18 мыңнан аса саяжай құрылысын су басқан, оның ішінде 5353 үй зардап шеккен адамдардың жалғыз баспанасы болған.

15 мыңнан аса үйге сараптама жасаған мамандар 4315 үй апатты жағдайда тұр, ал 9 мыңнан астам үй қалпына келтіруге жатады деген қорытынды жасаған.

Тасқыннан кейін өңірлерде 1847 үй мен пәтер құрылысы басталған, бұдан бөлек, 3417 баспана сатып алу жоспарда бар деді үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге өнеркәсіп министрлігімен бірге осы аптаның аяғына дейін тасқын шығынын бағалауды аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Биыл көктемде Қазақстанның солтүстігі мен батыс өңірлерін тасыған су басып, миллиондаған адам материалдық шығынға батты. Кей өзендерде су тасқын кезіндегі деңгеймен бірдей немесе соған жетеқабыл. Үйінен кетуге мәжбүр болған 5 мыңнан аса адам әлі күнге шейін уақытша паналау орталықтарында тұрып жатыр.


Рекомендовать
Последние новости