Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Атырауда су тасқыны кезінде адамдарға көмектескен Пшөн есімді иттің өліміне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі заңнамада жануарларды атуға тікелей рұқсат жоқ, бірақ белгілі бір жағдайларда шара қолдануға мүмкіндік бар.
“Егер жануар агрессивті мінез көрсетсе, адамға шабуыл жасаса немесе құтырма ауруына шалдыққан болса, оны шектеуге болады. Бірақ Атырауда нақты не болғанын айту қиын, себебі біз ол жерде болған жоқпыз”, – деді Жаңбыршин Qaz365 агенттігіне.
Сонымен қатар ол иесі бар итті өлтіргендер заң бойынша жауапқа тартылатынын айтты.
“Егер ит иесіне тиесілі болса және оны өлтірсе, бұл заңға қайшы әрекет болып саналады. Мұндай жағдайда жауапкершілікке тарту көзделген. Толығырақ мәлімет алу үшін Атырауға барып, жергілікті органнан сұраған жөн. Қазір бұл оқиға бойынша тексеріс жүріп жатыр”, – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін әлемжеліде көктемгі су тасқыны кезінде атыраулық тұрғындарға көмектескен “Пішөн” есімді иттің атып өлтірілгені туралы ақпарат тараған еді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов иттің өліміне байланысты арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әкім бұл жағдай туралы БАҚ беттерінен білгенін атап өтті.
“Бұл жағдай Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында орын алған. Су тасқыны кезінде халыққа көмектескен “Пішөн” есімді ит әлеуметтік желілерде танымал болды. Алайда 28 қараша күні ауыл тұрғыны бұралқы иттердің үйіне кіруіне кедергі жасап жатқаны туралы шағым түсірген. Осыған байланысты мамандар иттерді уақытша ұйықтатуға арналған дәріні пайдаланған. Кейінірек Жайық өзенінің жағасынан “Пішөн” атты иттің өлексесі табылды”, — деді ол.
Әкімнің айтуынша, бұралқы иттерді аулау заңға сәйкес жүргізіледі. Агрессивті иттер иесіз болған жағдайда өлтіріледі, ал басқалары зарарсыздандырылып, қайтадан иесіне қайтады дейді. Ал соңғы оқиғаға байланысты дереу тексеру жұмысы ұйымдастырылған.
“Аталған оқиға бойынша арнайы тексеру жүріп жатыр. Қорытындысы шыққан соң, қосымша ақпарат беріледі”, — деп қосты облыс әкімі.