Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Көптен күткен оқиға ел азаматтарының ғана емес, шетелдік туристердің де назарын аударды. Астана қаласына көшпенділер ойынын тамашалауға арнайы келген шетелдік қонақтар алған әсерімен бөлісті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғашқы күндерден бастап өз алаңына ондаған мың қонақты жинады. Олардың арасында көшпенділердің ерекше мәдениетімен танысу үшін Астанаға арнайы келген шет ел азаматтары да көп.
Джимми Нельсон Астанаға Голландиядан ұшып келген. Мұнда ол ойындар өтетін бес күн бойы болмақ.
– Біз Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін бес күнге келдік. Бұл таңғажайып оқиға, мен мұндағы адамдардың сұлулығы мен қонақжайлылығына қатты риза болдым. Қазақстан сияқты ел өзінің бай мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға көп қаржы жұмсайтыны таңқаларлық. Мұнда болу – бір мәртебе, – деп шетелдік қонақ ойын ортаға салды.
Ал Вероник пен Тим Бродбент Көшпенділер ойындарын көру үшін Франциядан ұшып келген. Оларда Астана қаласының 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына асқан жауапкершілікпен дайындалғанына дән риза.
– Біз Астанада болдық, бұл – бірегей оқиға. Бүкіл әлем Еуразия орталығында жиналды. Әрине, бізге де осында келу бұйырды. Біз кеше, дәл ашылу күні келдік, бәрі керемет болды. Мұнда бәрі сондай тату-тәтті екен, – деді Франциядан келген қонақтар.
– Біз көшпелі спорт туралы бұрын-соңды ештеңе білмедік, білсек те өте аз ақпарат еді. Біз үшін көшпенділер ойыны қызықты мереке болып тұр, – дейді испандық турист Кристина Прунелл.
Досы садақ атумен айналысатындықтан, аустриялық Малкольм Дауни көшпенділер ойындарына қызығушылық танытыпты.
– Біз Аустрияда тұрамыз, садақ атумен, яғни венгриялық садақ атумен айналысатын досымыз бар. «О, Мариан осымен айналысады, біз мұны міндетті түрде көруіміз керек» деп ойладық. Осылайша Астандаға табан тіредік. Мұнда келіп, көшпенділер ойынын тамашалағанамызға дән ризамыз, – дейді шетелдік мейман.
Астанадағы көшпенділер ойындары кезінде көрсетілген садақ ату сайысы Аустралиядан келген қонақты да таң қалдырды.
– Бүгін таңертең біз Венгр стиліндегі садақ атуды көрдік. Бұл өте керемет болды. Алдағы күндері көшпенді елдің ұрпақтарының бүркітпен аң аулап, көкпар тартқанын көргім келеді. Әсіресе көкпар жайында көп естігенмін, – дейді аустралиялық Элоди Гарриман.
Естеріңізге сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанада 5 этноауыл жұмыс істейді, олар «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақтарында орналасқан.
Елорда тұрғындары, қонақтары мен ойын қатысушылары үшін Этноауылдың барлық мәдени іс-шараларына кіру тегін. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық жарыстарына тек билетпен кіруге болады.