Пара беруге оқталған директор 195 млн теңге айыппұл арқалады

Қаракөз Амантай 30 нояб. 2024 10:12 1406

Шымкент қаласының тұрғыны пара беруге оқталғаны үшін 195 млн теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігі («Лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге оқталу») бойынша айып тағылған, - делінген Шымкент соттарының Telegram-да жариялаған хабарламасында.

Сот мәліметінше, азамат серіктестік директоры қызметін атқарып жүріп, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өзіне спирт өндіру, сақтау және өткізудегі заңсыз әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғағанын білген. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмау мақсатында мамыр айында департаменттің 1-басқармасы басшысына 20 мың АҚШ доллары (ресми бағаммен 8 788 000 теңге) және 1 млн теңге пара бермек болған.

Прокурор сотталушыға айыппұл жазасын тағайындауды сұраған.

Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Т. Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 20 еселенген мөлшерінде 195 641 856 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости