Танымал әнші Ескендір Хасанғалиев жары екеуі пандемияға байланысты таңдауын үйінде жасады

Dalanews 10 янв. 2021 08:10 1218

Алматы тұрғыны, Қазақстан Халық әртісі, мемлекеттік сыйлық иегері, Отан орденінің иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев пен жары Дарико Хасанғалиева бүгінгі сайлауда өз таңдауын жасады.

Танымал әнші пандемияға байланысты үйлерінде дауыс берді. Сайлау учаскесінің қызметкерлері әншінің үйіне келіп, бюллетеньдерін жәшікке салып алып кетті.

– Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына үнемі қатысып келдім. Биыл біз үйде дауыс береміз. Пандемияға байланысты бүгін сайлау учаскесінің қызметкерлері үйге келеміз деді. Мен келісім бердім. Әркімнің көзқарасы әртүрлі. Бұл саяси пікірге де байланысты. Әр адам сайлауда өзінің ойын, пікірін жеткізеді. Болашаққа деген сенімін жеткізеді, – деді әнші композитор Ескендір Хасанғалиев.


Оның айтуынша, ұлы, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, П.Чайковксий атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев қазір сайлау учаскелерінің біріне жетекші етіп бекітілген. «Ол да балам үшін үлкен жауапкершілік екені рас. Таң атпай тұрып, сол ауқымды міндетті атқаруға кетті» деді Е.Хасанғалиев.

Айта кету керек, 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарын сайлау басталды. Алматыда 507 сайлау учаскесі таңғы 07:00-ден бастап ашылды. Дауыс беру орындары «ҚР Сайлау туралы» заңының, Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сай келеді. 507 учаскеде 2535 медициналық қызметкер: 1014 дәрігер, 1521 медбике жұмыс істеуде.

Одан бөлек кейбір сайлау учаскелерінің жанында Жедел жәрдем кезекшілік етуде. Сайлаушылар маскамен келуге міндеттеледі, болмаған жағдайда бетперде кіреберісте беріледі. Егер дауыс берушінің дене қызуы көтеріліп тұрса, дауыс беруге тыйым салынады. Дауыс беруші өз учаскесін 221-10-01 Call-орталығы арқылы тегін біле алады немесе @sailau_almaty Telegram-бот көмегімен, сондай-ақ «Open Almaty» сервис орталығында және service.almaty.kz сайтында біле алады.

Рекомендовать
Последние новости