Тана мырза туралы аңыздар

Dalanews 27 июл. 2020 04:01 2234

Шығыс өңірі тарихында айғақты ізі бар әйгілі тұлғалардың бірі Тана мырза Тілемісұлы. Ол 1803 жылы Қарғыба өзенінің жағасында дүниеге келген. Өмірінің соңына дейін патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен Тана мырза туралы тарихи деректер Қазақстанның, Ресейдің, оның ішінде Омбы, Томск, Қазан, Санкт-Петербург қалаларында мұрағат қорларында бар.

Тана мырзаның руы-Мұрын, оның ішінде Жанай. Қазақ халқы көңілі дархан, жаны жомарт, жайсаң, мәрт жандарға «Мырза» деген ат берген. Тана мырза да сондай жандардың қатарынан болған.

Тана мырза халықтың сауатын ашып, жастарды оқыту мақсатында Ертіс өзенінен 10 шақырым жерде мешіт салдырып, жанынан екі медресе ашып, өнер адамдары мен балуандарды да әрқашан қолдап отырған.


1850 жылдары үш жүзге сауын айтқан Құнанбайдың әкесі Өскенбай бидің асын төрт адам басқарған екен. Солардың бірі - Тана мырза.



Ел аузында қалған Тана мырза туралы бірнеше аңызға тоқталып өтсек.

Тана мырзаның дүниеге келуі туралы аңызда: әкесінің түсінде шаңырақтан түскен найзағай танадай боп жарқырап кеп, қара қазанды қақ жарып, жерге кіріп кетіпті. Түсінен шошыған жас жігіт Шәкі биге барып түсін жорытқан екен. «Келіншегің екі қабат екен, найзағай шаңырағыңнан жарқырап кеп түссе, аса ақылды ұл табады. Қара қазанды қақ жарып, танадай боп кіріп кетсе, ол бала қара қылды қақ жарған әділ би болады»,-депті. Айтқанындай келіншегі ұл табады. Баланың атын қойғызу үшін Шәкі биді ертіп келіпті. Шәкі би: «Аты Тана болсын, ақылды дана болсын, халқына пана болсын!»-деп атын Тана деп қойған екен дейді.

Тана мырза бірде батыр жортуылшы Жанбике Қабан батырдың ауылының жанынан өтіп бара жатып, далада жүрген оған бұрылған екен. Ол кезде Тана мырзаның жасы егделеген, ал Қабан жастау болса керек.

- Үйге түсіп қонақ болыңыз, - деген Қабанға Тана мырза: - Үйіңе де түсер едім, қонағың да болар едім, батамды да берер едім, бірақ қазаның таза болса, - депті.



- Мырза, қазаным сізге таза болады, - деген соң, сол күні Қабанның құрметті қонағы болады. Таңертен аттанар алдында Тана мырза Қабанға: - жаңа менен бұйымтай сұрадың ғой, бабаң Тоқтағұл да жасында жортумен болған екен. «Ерден иман құтылмайды» деген, Құдай әуелде артық жаратқан Тоқтағұлға, сол кәсіпті тастаған соң, мал мен бақ түгел қоныпты. Менің бұйымтайым - сен де бұдан былай жортушылықты тоқтат. Бабаң Тоқтағұлдың қасиеті мен бағы дарысын, әумин!-деп бата беріпті.

Далаға шыққанда мырза өзінің ер-тұрманы басқа бір бөтен атта ерттеулі тұрғанын көреді. Сол кезде Қабан: - Мырза, сіз кеше қазаның таза болсын деген соң, сіздің малдан таза мал болмас деп, атыңызды қонақ асыға сойып, орнына өзімнің мына төл атымды ерттеп қойдым, - дейді.

-Жарайды, сөзің жөн дейді де, атқа қонған соң мырза: - Ал, қарағым Қабан, әлгі бұйымтайым-бұйымтай, сол тілегім-тілек, - деп көңілді қоштасып жүріп кетіпті.

Міне осыдан кейін мырзаның батасы тиген Қабан жортуылды мүлдем тоқтатып, абыройлы ел ағасына айналыпты. Ел құрметтеп Қабан батыр деп атапты.



Бірде Тана мырза қыржының Сұртай ақынына: «Менің жақсы жаманымды жасырмай бір ауыз өлеңге сыйғызшы, нағыз ақын екеніңді білейік» - депті. Тана өзі көсе кісі екен. Сонда Сұртай бөгелместен:

Қарашы Тана мырза көсесіне,

Айнымай неғып тартқан шешесіне.

Ақыл-ой, бақ дәулетті түгел берген

Бітпеген сақал - мұрттың есесіне, - депті. Өнеріне риза болған Тана үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіпті.

Ел аузында Тана мырза жайлы тараған әңгіме-аңыздар жетерлік.

Деректер Тарбағатай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қорынан алынған.


ШҚО ІСБ «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығы


Рекомендовать
Последние новости