Нұр-Сұлтанда медициналық білім беру мекемелерінің студенттері коронавируспен күресуде

Dalanews 26 июл. 2020 07:22 843

Нұр-Сұлтанда болашақ дәрігерлер аға буын әріптестерімен бірге коронавирус инфекциясымен күресуде, деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеп.




«Астана» медицина университетінің студенттері өз еріктерімен дәрігерлерге көмекке келді. Қазір олар елорда емханаларында науқастар өмірі үшін күресуде.



«Стационар ашылған сәттен-ақ мұнда жас мамандар келді. Жұмыс барысында олар білімін, науқаспен жұмыс істеу қабілетін танытты. Дәрігерлер жетіспей жатқан шақта бізге көмек қолын созды. Әлі жас маман, интерн болғанына қарамастан, қабілетті жастар орасан зор көмек көрсетті» – дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығы мобильді орталығының G блогы бөлімінің басшысы Бағлан Жармағамбетова.

«Астана» медицина университетінің жетінші курс студенті Нуриддин Розмат 22 наурыздан бастап дәрігерлерге көмек көрсетіп келеді.

«Рамада Плаза» қонақ үйінде жұқпалы аурулар бөлімінде ерікті интерн ретінде көмек көрсете бастадым. Ол жақта науқастардың біразы емделіп шыққан соң қалалық жұқпалы аурулар орталығына ауыстық.

Қазіргі уақытта дәрігерлермен бірге алғы шепте коронавирус инфекциясымен күресудеміз. Дәрігер ретінде басты міндетіміз – адамдарға көмектесу. Азаматтарымызды індеттен аман сақтау үшін қолымыздан келгенін жасаймыз.

Жұртшылыққа маска тағып, қолды жиі өңдеу керегін, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажетін тағы бір еске салғым келеді. Сондай-ақ уақытша той, туған күн тойлауды доғарған жөн.



Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек», – дейді ол. «Астана» медицина университетінің екінші курс студенті Тілеужан Хамидин де өз мақсатымен бөлісті.

«Эпидемия кезінде, мыңдаған адам коронавирус инфекциясымен ауырып, індеттен көз жұмып жатқан кезде шет қала алмадым. Көзде от, кеудеде нұрымыз бар жастар, аға буын әріптестерімізге көмек қолын созуға келдік», – деді болашақ дәрігер.

Хабарланғандай, шілде айының басынан Нұр-Сұлтан қаласында медицина университеті мен колледжінің 536 түлегі COVID-19-ға қарсы күреске тартылды.



Түлектер емханаларға, ауруханаларға, стационарлар мен жедел жәрдем станцияларына бөлінді. 25 шілдедегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19-дың 9 494 жағдайы тіркелді, 6607 адам емделіп шықты.

 

 

https://www.youtube.com/watch?time_continue=7&v=rUcACsDI0Us&feature=emb_title

 

Рекомендовать
Последние новости