Талғат Мұсабаев сенатор болғанын қалта телефонына келіп түскен құттықтаудан біліпті

Dalanews 15 июл. 2017 04:23 864

Зейнет жасына жеткендер сенатор болып тағайындалды. Президент Жарлығымен депутат атанғандарға Орталық сайлау комиссиясы тіркеп, куәлік пен төсбелгісін таратып берді.

Елбасының қалауымен енді ғарышкер Талғат Мұсабаев, генерал прокурор  Сәуле Айтбаева, сенат аппаратын басқарған Владимир Волков және бұрынғы білім министрі Бақытжан Жұмағұлов бұдан былай заң шығарумен айналыспақ.

Бірақ Жұмағұлов бүгін куәлігі мен төсбелгісін алуға келмей қалды. Десе де,  әріптестерінің жазғы демалыста екенін ескерсек, олар  сенатқа  енді қыркүйекте бір-ақ келмек.

Президенттің кеңесшісі болған Талғат Мұсабаев сенатор боп тағайындалғанын  телефонына түскен құттықтау хаттарынан бір-ақ біліпті. Шулы мәлімдемелерімен танымал Мұсабаев жоғарғы заң шығарушы органда да жерден бұрын  аспанға бір табан  жақын болмақ.

– Етікші етік тігумен айналысуы  керек қой. Сол сияқты әркім өзі білетін іспен шұғылдануы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан мен Сенатта ғарыш, қауіпсіздік мәселелерін көтеретін боламын.  Ең бастысы еліміздің дербес ғарыш өнеркәсібін дамытуға үлес қосқым келеді, – деді Сенат депутаты Талғат Мұсабаев.

Автор: Досжан Маратұлы

 

Дереккөзі: КТК арнасы

 

Рекомендовать
Последние новости