Талғар ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Сағыныш Сардарова 25 июн. 2025 15:38

Алматы облысында 900 орындық жаңа мектеп ашылды. Жаңа мектеп өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге сеп болады.

Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында 900 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үш қабатты, заманауи білім ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы мен «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында салынды.

Мектептің ішкі инфрақұрылымы қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Білім ордасында пәндік кабинеттермен қатар STEM және робототехника сыныптары, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, спорт және акт залы, кең асхана мен мәжіліс залы қарастырылған.

Ашылу салтанатында Алматы облысының әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков сөз сөйлеп, бұл нысанның өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселенің шешіміне айналғанын атап өтті.

«Бұл білім ордасы – Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген алғашқы заманауи мектептердің бірі. Мемлекет басшысының «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деген сөзі бүгінгі істің мән-маңызын аша түседі», – деді ол.

Әкімнің айтуынша, тек өткен жылы өңірде 9 жаңа мектеп қолданысқа берілсе, биыл тағы 17 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері қолданылып, жеке инвестициялар да тартылуда.

Бұл нәтижелерге қол жеткізуде жергілікті атқарушы органдармен қатар, партиялық бақылау мен саяси қолдаудың да маңызы зор. «AMANAT» партиясы өңірлердегі инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асуына тікелей араласып келеді.

«Екі жыл бұрын біз мектеп тапшылығы мәселесін шешеміз деп уәде бердік. Сол кезде облыста үш ауысымды 52 мектеп болған. Қазір бұл сан 30-ға дейін қысқарды. Жаңалықтағы мектеп – жол картасында көзделген 63 мектептің қатарындағы нақты жүзеге асқан жоба. Құрылыс басталған күннен бастап партиялық бақылауда болды. Уәде берген соң, сол процестің ішінде болу – біздің міндет», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.

Айта кету керек, өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңарту – «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі. Жол картасында белгіленген мақсаттар жүйелі түрде орындалып келеді. Жаңа мектептердің ашылуы үш ауысымды оқытуды азайтып қана қоймай, мұғалімдер үшін тұрақты жұмыс орындарын көбейтіп, жыл сайын мыңдаған балаға қолайлы оқу жағдайын жасауға мүмкіндік беруде.


Рекомендовать
Последние новости