Талдықорғандағы еңселі қонақ үй студенттерге беріліп, жатақханаға айналады

Dalanews 10 мар. 2020 13:14 873

Талдықорған қаласы Қаратал шағын ауданында орналасқан құрылысы аяқталмаған қонақ үйдің екінші тынысы ашылды. Бұдан былай ол білімгерлердің екінші үйіне айналмақ.

9 қабатты ғимараттың қаңырап бос тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Содан бері  пайдаланылмаған нысан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының тапсырмасы бойынша 288 орынға лайықталған жатақхана болады.

Бүгінде жатақхананың құрылысы жұмыс жүргізілуде. 96 бөлмеден тұратын ғимарат болашақ жас мамандардың білім алуына мол мүмкіндік береді. Жоба құны – 2289,947 млн.теңгені құрайды.


Жалпы, мұндағы барлық жұмыстар аяқталып қалды деуге болады. Қазір тек ғимараттың сыртқы жұмыстары мен алдыңғы аумағын абаттандыру ғана қалды. Бұл нысан облыс әкімінің тікелей бақылауында.  Өткен айларда Амандық Баталов құрылысты тексеріп, бірқатар ескертулер айтқан болатын.

Сын-ескертпелерді санамағанда жоба бойынша балкондар әйнекпен жабылып, салқындатқыш жүйесі орнатылады.

Жаңа жатахананың пошымы да бөлек. Дөңгелек пішінді. Нысанның колонналары мен қабырғалары темір бетонды монолиттен құйылған.   Қалашық аумағын абаттандыруға да баса назар аударылған. Жоба бойынша мұнда көгалды саябақ жасалады. Волейбол, футбол, баскетбол мен үстел үсті теннисі үшін алаңдар орнатылады. Тіпті жеңіл автокөліктер үшін арнайы тұрақжай мен орындар қарастырылған.

Ғимараттың жанында қалалық жағажай, Сити Плюс ірі сауда орталығы бар. Студенттердің Қаратал жағалауына шығып серуендеуінемүмкіндік береді. Іргесінде ардагерлер саябағы сынды маңызды нысандар тұр. Заманауи үлгідегі ғимаратта студенттерге бар жағдай қарастырылған. Кітапхана, оқу залы, шағын кинозал, спорттық алаңы мен жаттығу бөлмелері болады.

Бұл нысанды жатақхана деп айту қиын. Өйткені, жоғары класстағы қонақ үйге ұқсайды. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым толығымен қарастырылмақ.

Талдықорғанның шығыс бөлігіне сән беретін бұл қалашық, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Жалпы, жоспар бойынша облыста келер жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі негізінде 10 жатақхана салынады.

Анар САБЫРОВА


Dalanews.kz -тің Алматы облысындағы тілшісі




Рекомендовать
Последние новости