Талдықорғанда 120 коттедж халыққа берілді. Баспаналы болғандардың біразы дәрігерлер

Dalanews 16 дек. 2020 07:17 872

Алматы облысы орталығы Талдықорған қаласында тағы да қоныс тойы. Тәуелсіздік күні қарсаңында 120 үйдің кілті иесін тапты. Қарашаның қуанышымен бөлісуге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев пен қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов арнайы келді.

Коттедж қалашығының бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша жалпы ауданы 56,6 мың шаршы метр, құны 8,5 млрд.теңге болатын 620 жеке тұрғын үй құрылысы қарастырылған.

Бүгінгі күнге дейін аумағы 19,5 мың шаршы метрді құрайтын 228 коттеджге халық қоныстанған. Мұнымен өңір халқын баспанамен қамту ісі толастап қалмады. Еліміздің басты мерекесіне орай, ауданы 12,3 мың шаршы метр болатын 120 үй қолданысқа берілді.

Аталған нысанды салуға 887,0 млн теңге қаржы жұмсалған. Ел игілігіне берілген бұл үйлер 12 бөлікке бөлінген, әр бөлімде 4 үй жапсарласа салынған.  Бұл өңір басшылығының тұрғындарға деген қамқорлығы.

– Құрметті талдықорғандықтар, қымбатты қонақтар, ұлы мерекеміз тәуілсіздік мейрамы құтты болсын! Елбасының бастамасымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен іске асырылған «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халық баспаналы болып жатыр. Бұл соның нәтижесі. Екі жылда облыста көп өзгеріс болып, тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Екі жыл алды салынған үйлердің ауданы 79 мың шаршы метр болса, биыл ол көрсеткіш 131 мыңға жетіп отыр. Келер жылы 211 мың шаршы метрден асады деген мақсатымыз бар. Үйлеріңіз жанға толсын, қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев. 


Жаңа үйлерге табиғи газға қосылған. Сондай-ақ, су құбыры орнатылып, кәріз жүйесі тартылған. Көпшілікке пайдалануға берілген баспананың құрылысын «Техноснаб 2002» ЖШС жүргізген. Дәл осы күні құтты шаңырағына қол жеткізгендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларға қараушы азаматтар, медицина қызметкерлері, зейнеткерлер мен тұрғын үй құрлыс жинақ банкнің салымшылары және толық емес отбасылар  да бар.

Ұлық мейрамның қарсаңында жаңа үйге қоныстанушылардың бірі ақ халатты абзал жан, Елдос Смайылов.

– Мен Алматы облыстық онкологиялық диспансерінде қызмет етемін. Мамандығым дәрігер-хирург. Семей қаласынан жұмыс бабымен наурыз айларында ауысып келдім. Бүгін біз үшін өте ерекше күн. Тәуелсіздік күніне орай үйлі болып жатырмын. Пандемия өршіп тұрған сәтте күн-түн демей жұмыс жасадық. Сол кездегі еңбек ақталды. Осындай жағдай жасап отырған Елбасына, Президентімізге, облыс басшысы Амандық Ғаббасұлына мың алғыс. Еңбегімізді елеп шаңғырағымыздың кілтін табыстап жатыр. Өзімнің 4 балам бар. Соны ескеріп мемлекет тарапынан тегін үй беріп отыр. Біздің ұжымнан 5 адамға коттедж қалашығында тұру бұйырыпты, солардың бірі өзім болғаныма қуаныштымын, – дейді дәрігер-хирург Елдос Ершатұлы.

Алматы облысында мемлекеттің арқасында үйге қолы жеткендер тек жанкешті мамандық иелері ғана емес, толық емес отбасының өкілдері де бар. Өңір өркендесін  десе елдің жағдайы жақсаруы тиіс деген ұстанымды назарға алған Жетісу жерінің басшылығы мұндай азаматтарға барынша қамқорлық көрсетіп келеді.

Бұл қатардан қала тұрғыны Шолпан Мұхамеджанованы  да көруге болады.

– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Көптен күткен кезегім келді.  Жалғыз басты анамын. Көзімнің ағы мен қарасы болған қызымды өзім жеткіздім. Қанша қиындық болса да жақсылықтан күдерімді үзбедім. Бүгін сол үмітім ақталды. Елінің ертеңі мен жай-күйін ойлаған мемлекетімізге рахмет, – деді өз сөзінде.


Алдағы уақытта да  жаңа қоныстың кілті табысталады. Мәселен, ағымдағы жылдың 30 желтоқсанына жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метр 133 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Негізінде биыл жылы аумағы 24,8 мың шаршы метр болатын 253 коттедждің құрылысы жүргізілуде.

2021 жылы көлемі 12,6 мың шаршы метр  139 коттеджді пайдалануға беру көзделген, оның ішінде:

-бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 9,0 мың ш. м. 96 коттедж үй;

- жеке инвестициялар есебінен 3,6 мың шаршы метр  43 коттедж өз иесін табады деп күтілуде.

 Анар Сабырова, Алматы облысы. 

Рекомендовать
Последние новости