Такси бағасы өзгере ме? Қазақстанда “Яндекс” жүйесіне тексеріс жүргізілді

Қаракөз Амантай 11 июл. 2025 10:04

Қазақстанда "Яндекс Такси" жүйесінде бағаға әсер етуі мүмкін қауіптер анықталды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БҚДА мәліметінше, такси қызметтері нарығына мониторинг жүргізетін жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Онда такси шақыруға арналған бағдарламалық-техникалық кешендер мен (немесе) мобильді қосымшалар арқылы көрсетілетін қызметтердің жай-күйі қаралды.

“Отырыс барысында “Яндекс Такси”жүйесіндегі алгоритмдік баға қалыптастыру тетігінің тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды. Бұл тексеру агенттік пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және басқа да білікті мамандардың қатысуымен жүргізілді. Еске сала кетсек, "Яндекс Такси" компаниясына бұл аудиттен өту міндеті монополияға қарсы комплаенс аясында жүктелген болатын. Аудиттің мақсаты – “Яндекс” сервисінің жұмысын, соның ішінде такси бағасын анықтауға әсер ететін шарттар мен параметрлерді жан-жақты зерттеу еді. Бастапқы аудит нәтижесінде баға белгілеу үдерісіне ықпал етуі мүмкін бірқатар қауіптер анықталды”, — делінген хабарламада.

Агенттік атап өткен негізгі тәуекелдер мыналар:

• қаланың шекарасы әкімшілік-аумақтық шекаралармен сәйкес келмейді;

• бағаның өсуіне бағаға қатысы жоқ факторлардың әсер етуі;

• қосымшада бағаны есептеуге қажет толық ақпараттың болмауы;

• әуежай аумағында жолаушыларды орналасқан жеріне қарай кемсіту және тағы басқа мәселелер.

“Кейбір тәуекелдер жойылды, ал қалғандары бойынша “Яндекс” оларды түзетуге міндеттеме алды. Мәселен, агенттік жіберген ескертуге сәйкес, “Яндекс Плюс” адалдық бағдарламасының ережелері өзгертілді. Бұл өзгерістердің нәтижесінде аталған бағдарлама бойынша тұтынушыларға ұсынылатын жеңілдіктердің барлық шығынын “Яндекс” өз мойнына алды. Сондай-ақ “Яндекстің” комплаенс құжатына өзгерістер енгізіліп, компанияны сұраныс шарықтайтын кезеңдерде такси бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуге және жүргізушілердің табысының төмендеуін болдырмауға бағытталған кешенді шаралар қабылдауға міндеттейді”, — деп мәлімдеді агенттік.

Сонымен қатар отырыста агенттікке келіп түскен шағымдар негізінде “Яндекс Такси” жүргізушілерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелер де қаралды.

“Сондай-ақ отырыс барысында “Яндекс Такси” өкілдерінің 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы монополияға қарсы комплаенс талаптарының орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Жиын қорытындысында мониторингтік топ мемлекеттік органдар мен “Яндекс Такси” компаниясына қатысты бірқатар ұсыныс әзірледі”, — делінген агенттік хабарламасында.


Рекомендовать
Последние новости