Тағы бір кәсіпкер Нығматулиндердің рейдерлік шабуылы туралы айтты

Көркем Алдабергенова 25 дек. 2024 11:28 856

Кәсіпкер Қанат Амиркин ірі көпмиллиондық келісімшарты бар жол-құрылыс компаниясының рейдерлік жолмен тартып алыну тарихын айтып берді. Оның айтуынша,бұған Нығматулиндердің қатысы бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Көпшілігіңіз Нығматулиндер әулетін білесіздер. Осы отбасының үлкен ұлы менің ірі көпмиллиондық келісімшарты бар жол-құрылыс компаниямды тартып алды. Ол маған олардың банкі - Qazaq Banki-нен несие алуға мәжбүр етті. Кейін банк банкротқа ұшырап, менің ақшамды және кепілде тұрған мүлкімді, соның ішінде автосалонға арналған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолындағы жер телімін де бірге ала кетті. Бұған қоса, мені банктік кепілдікпен байланысты проблема туындатты», – деп жазды Қанат Амиркин Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, ол несие рәсімдеген, бірақ бұл оқиға мұнымен аяқталмаған. Одан қолма-қол ақша талап етілген. Кәсіпкер отбасына қауіп төне бастағаннан кейін Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.

«Олар өздері қашқын болған кезде, ол Дубайда менімен кездесіп, «жауласуды тоқтатуды» сұрады. Кездесу барысында мен оған тек қолма-қол ақша және көліктер түрінде шамамен 7–8 миллион доллар алғанын еске салдым. Ол: «Мүмкін, тек жартысы ғана маған жеткен шығар, қалғанын көмекшілерім алған шығар», – деп жауап берді. Кейін салық органдары менің елден кетуге мәжбүр болғанға дейін жиналған компанияның мүлкі үшін қарыздарды талап еткенде, мен оған қоңырау шалдым. Бұл шектен шығу екенін айтып, салықтарды өздері төлеуін ұсындым, өйткені олар бәрін тартып алды. Ол қысқа ғана жауап қатты: «Маған бәрібір, мен енді Қазақстан азаматы емеспін. Өз проблемаларыңды өзің шеш» деді. Мұндай деңгейдегі цинизм мен жауапсыздыққа қалай жол беруге болады? Осындай адамдар қалайша билікке келді?» – дейді кәсіпкер.

Кейін Амиркин Қазақстанға оралған. Алайда 25 желтоқсанда сот оны Т239 миллион салық және Т7 миллион баж салығын төлеуге міндеттеп қойған. 

Еске салайық,бұған дейін қарағандылық кәсіпкер Алексей Лукьянченко Ерлан Нығматулин рейдерлік шабуыл жасап жүргенін айтқан болатын. Бұл іске Нығматулиндердің "торпедасы" Сәбира Қоянбаеваның да қатысы бар болып шықты. 

"Барлық жерде айта бастадым (шабуылдар туралы), журналистерге, қоғамға үндеу жасадым, біраз уақыт өткеннен кейін жігіттер келіп, менімен біреу сөйлескісі келетінін айтты. Сосын маған Ерлан Зайруллаұлы қоңырау шалып "Сен осындай да осындайсың ба?" деді. Мен "иә" дедім. Ерлан Нығматулин менің жеке нөміріме хабарласып, өзіне шақырды. Мен енді ғана дамып келе жатқан кәсіпкер екенімді және ол шақырған жерге бара алмайтынымды айтып едім, "жақсы, саған көлік жіберемін, кел" деді. Маған бір жігіт келді, мен оны танитынмын, мені кеңсесіне апарды. Ол жерде жарты күн күтіп, ақыры кездестім. Ол маған "Сенің жағдайыңды білемін, менің түк қатысым жоқ, оған еш қатысым жоқ, осыны жоққа шығарып, видео түсір", - деді", - дейді кәсіпкер "ҚазТаг" агенттігіне.  

Кәсіпкер сол сәтте Ерлан Нығматулиннің бұл идеясынан бас тартудан қорыққанын айтады.

"Яғни солай айтылды, мен бұл идеядан бас тарта алмадым. Тіпті біздің қалада бұған дейін бір жігітті қамауға алып, қазір қылмыстық іс қозғалған жағдай болған. Мен де өз өміріме қорықтым, мұндай адамдар бәрін істейді ғой, олардың жан-жақта танысы көп. Сосын өз адамы келіп, мені видеоға түсіріп алды. Денис деген жігіт, тегі есімде жоқ. Балқаштағы "Атамекенді" басқарады. Ол Ерлан Нығматулиннің адамы екен", - дейді кәсіпкер Алексей Лукьянченко.

Кәсіпкер қонақүйін 2015 жылы сала бастаған, содан бері инспектер Сәбира Қоянбаева нысанды тексеріп жүрген көрінеді. Проблемалар қонақүй жұмыс істей бастағаннан кейін ғана басталған. Кәсіпкердің сөзінше, Қоянбаева да - Нығматулиннің адамы.

Сонымен қатар, Нығматулинниің адамдары кәсіпкерден прокуратура немесе басқа да инстанцияларға жүгінген не жүгінбегенін үнемі сұрап тұрған. Соттың өзі бұл істі біржақты қарастырған көрінеді. Бұл істің анық-қанығын анықтауға тырысқан жалғыз орган – бас прокуратура екен. Бірақ кәсіпкер бұл іске экс судья Мейрамбек Таймерденов араласқандықтан істе жеңілген деп ойлайды. Себебі кәсіпкер бұл іске бас прокуратураның өзі араласа бастағандықтан істе жеңіске жетемін деп ойлаған.

Алексей Лукьянченко 2015 жылы салған қонақүй құрылысына сол кездегі курс бойынша 150 миллион теңгедей жұмсаған. Кәсіпкер бастапқыда құрылысты бастаған кезде кейін оны тартып алу үшін оған әдейі ешкім кедергі жасамаған деп күдіктеніп отыр.  

"Егер құрылыс кезінде қандай да бір бұзушылықтар болса Сабира Қоянбаева мемлекеттік орган ретінде басында-ақ кедергі жасар еді. Әуелі ол жерге ақша құйып, кәсіпті аяққа тұрғызып, артынан жұмыс істеуге кедергі жасап отыр. Бұл рейдерлік шабуыл жасайтын команданың әрекеті деп ойлаймын. (...) Ол Ерлан Зайруллаұлының командасы деп ойлаймын, себебі оның рұқсатынсыз Балқашта ешкім ештеңе істей алмайды", - дейді кәсіпкер.

Алексей Лукьянченко рейдерлік шабуыл ісі бойынша қылмыстық іс қозғалуы керегін айтады. Сонымен қатар, кәсіпкердің сөзінше, Қарағанды облысында Нығматулиндердің ықпалы әлі де зор. Ол Нығматулиндер аймақтағы туристік саланы өз қолына алғысы келетінін айтады.


Рекомендовать
Последние новости