Су көздері тиімді пайдаланылмауда – шаруа

Dalanews 25 окт. 2022 12:04 1000

Кеңестер Одағы кезiнде Алакөл ауданында 39 мың гектар суармалы жер болған. Аудандағы бірқатар шаруашылықтан басқаның барлығы суды Тентек өзенінен алатын. Тентектің суы барлық шаруашылықтарға емін-еркін жетуші еді. Сол кезде ауданда 10 мың гектарға жуық қант қызылшасы себiлiп, техникалық дақыл күзге дейiн 9-10 рет суарылатын. Дәнді-дақылдың да дені суармалы жерге орналастырылатын. Соған қарамастан аудан шаруашылықтары су тапшылығын көрген емес.

Қазір Алакөл аймағында суармалы алқап көлемі 34 мың гектарды құраса, сонын 25 мың гектары ғана игерілуде. Оның да 5,7 мың гектарын жайылымдық пен шабындық құрайды. Тоғыз мың гектар жер иесiз жатыр. Кезінде 39 мың гектар жерге еркiн жеткен су қазір 25 мың гектар жерді суаруға жетпейді. Неге? Ал шындығына келсек Алакөл аймағындағы суармалы егiстiк көлемі 17,7 мың гектар ғана.

Су жетіспеуінің басты себебі, кезiндегi суландыру жүйесi жойылған. Ол кезде аудандық суландыру жүйесі әр шаpyaшылыққа тиісінше суды бөліп беретін және бұл мөлшер қатаң сақталатын. Ал шаруашылыққа келген кезде су бір орталықтан реттелетін.

Совхоз мұрабы әр бригадаға, әр звеноға, тіпті әр алқапқа көлемiне сәйкес су бөліп беретін. Шу да, дау-дамай да жоқ, жұмыс өз ырғағымен жүрiп жататын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қоғамдық формация өзгерiп, жер жеке меншiкке өтіп, егістік алқабының ешқандай қайтарымы болмаған кезде жер қараусыз, иесіз қалды.


Сол кезең «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген шақ еді. Су бөлетін гидроқұрылғылар, қақпақтар тегіс жұлынып, Қытайға металл сынығы ретінде сатылды. Су ағатын бетон науалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

Қазір Үшарал қаласындағы жекеменшік дүкендер мен кеңселердiң алдындағы тоғандарды шегендеген де осы науалар. Кейбір пысықтар iрi науалардың бетонын соғып үгітіп, iшiндегi темiр торларын кәдеге жаратты.

Осылайша, миллиондаған ақша жұмсалып, ел игiлiгi үшiн жасалған жүйенi тағылықпен талқандады. Бiрақ та бұл әрекеті үшiн ешкiм жазаланған жоқ. Керiсiнше ұрлығының «игілігін» көрді.

Аудандағы шаруашылықтарда 260 шақырым жерасты каналдары болған еді. Осы каналдардағы гидранттар әр алқапқа мөлшермен су бөлiп, ылғалды үнемдеуге айтарлықтай ықпал ететін-ді.

Жер иелерi өзiнен төменгi диқанға су бермей, өзі мелдектей ішу үшiн жер асты құбырын тас, кiрпiш, темір тастап бекітіп тастады. Қайтып оны тазалаған ешкiм жоқ. Ал енді осыны надандық дейміз бе, жауыздық дейміз бе?


30 жылдан берi шаруашылық ішіндегі бірде-бір арық, тазаланған жоқ. Арықтардың табаны көтеріліп, арнасын ағаш басып кетті. Осы уақыт аралғында шыбық беренеге айналды. Енді оны тазалау қияметтің қайымына айналып отыр.

Қазіргі адамдар су алудың оңай жолын тауып алған. Бас арықтың өз жерінің тұсындағы науаны бүйірден теседi де бiр құлақ су ағызып алады. Ал енді осы суды ұқсатып, жерін суарса бір сәрі ғой. Айналдырған екі гектар жоңышқасына суды салады да өзі сол күнi кезек бағуға немесе базар аралауға кетеді. Су бей-берекет далаға ағады. Төмендегі елге су жетпей жағаласып жатады. Аудандық деңгейдегі олигархтар 1000 гектарға дейін соя себеді. Судың басында немесе кеуде тұсында отырған бұл «мықтылар» өзінен кейiнгi отырған «сорлыларға» су бермейді.

Жалпы Алакөлде су белiсi ретке келтiрiлмеген. Сағада отырғандар жерін сегіз рет суарса, етектегілер екі рет суарумен шектеледі. Бiреу шаш-етектен пайдаға шығады, біреудiң еңбегi еш, тұзы сор болады.


Ал аудандағы су шаруашылығы коммуналдық кәсiпорны бұл мәселені реттеуге асығар емес. Ондағылар мен суды шаруашылыққа дейiн жеткiзiп бердiм, «ары қарай не кылса, со қылсын» дейді.

Алакөлде судың сұрауы жоқ сияқты. Егiншiлер суды пайдаланады, бiрақ судың ақшасын төлеуге келгенде сараңдығы ұстап қалады. Жарайды, судың қызығын көре алмай, егiстiгiн екi-ақ рет суарғандарға түсіністікпен қарайық, ал күзде миллиондаған тенге пайда көріп отырған миллионерлер неге ақшасын уақытында төлемейді? Бұл біз үшін үлкен сұрақ болып тұр.

Серікқазы ШӘРІПОВ, Алматы облысы.

Рекомендовать
Последние новости