Су жаңа сенатор: "Мына жүйеге көңілім толмайды, толмайды..."

Dalanews 15 авг. 2020 07:24 810

Елімізде Сенат сайлауы өтіп, мәслихат депутаттары алдағы алты жылда Жоғары палатадан жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды-ау деген жандарды таңдады. Сонымен, санаулы сағаттарда-ақ алдағы алты жылғы қызметері белгілі болғандар кімдер? Оларды жұрт біле ме, деген сауал тастады Еуразия бірінші арнасы.

Карантинде қамалып, көптен бері көріспеген мәслихат депутаттары арқа-жарқа, мәз- мейрам. Құшақтасып сүйіспесе де, ара қашықтық сақтап, жұдырық соғыстырып, амандық білісіп жатты. Елорданың атынан Сенатқа баруға үміттілерге 20 адам дауыс берді. Бұл кісілер "Бізге ешкім қысым жасаған жоқ, жасай да алмайды" дейді.

Қайырлы Таукен, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты:

"Мәслихат депутаты өз еркімен кімді қалайды сол адамға өз еркімен дауыс береді. Тапсырма беруі мүмкін емес. Біз ерікті депутаттармыз ғой".

Кейінгі уақытта қоғамда қос палаталы Парламенттің қажеті қанша деген сұрақ көптеп талқылануда. Мирас Шекенов "ойбай-ау, оның орны бөлек" деген пікірде.

Мирас Шакенов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты:

"Мен қос палаталы жүйені қолдаймын. Неге дейсіздер ғой? Мәжіліс пен оның депутаттарына сыйластықпен қараймын, бірақ билік жүйесінде белгілі бір баланс болуы керек. Бұл кез келген билік сатысына қатысты мәселе. Парламентке келетін болсақ, жоғары палата міндетті түрде керек деп есептеймін".

Әне-міне дегенше жәшік ашылып, кабиналарға мәслихаттықтар бірінен соң бірі кіріп, жасырын түрде дауыс бере бастады. Сайлаушылардың қатарында үміткер Ақылбек Күрішбаев та бар. Кезінде Ауыл шарушылығы министрі болған, кейінгі қызметі ректор. Кімге дауыс бердіңіз деп сұрамадық. Ақыры комиссия мүшелері бюллетеньдерді санай бастады.

Осылайша ең көп дауыс жинап, астана атынан Ақылбек Күрішбаев сенатқа жолдама алды. Әуел баста негізгі кандидат осы кісі, қалған екеуі сайлаудың сәнін кіргізер сәндидат болған сияқты. Су жаңа сенатор бюллетеньдер саналып жатқанда Әзірбайжан елшісімен әңгімелесіп тұрды. Жүзінде алаңдаушылық жоқ.

Ақылбек Күрішбаев, су жаңа сенатор:

"Я же не могу как молодой человек прыгать. Я тем более в маске нахожусь. Мне конечно было приятно. Я ждал этого момента".

Осы сәтті күттім деген Ақылбек Күрішбаев жаңа қызметке дайын екен. Бірінші күннен бастап құлшына кіріспекші. Атқарушы биліктің қазіргі жұмысы көңілінен шықпайтынын да айтып қалды.

Ақылбек Күрішбаев, су жаңа сенатор:

"Сенаттың басшылары шешеді. Бірақ, менің ұсынысым аграрлық, ғалым ретінде осы саланың маманы ретінде аграрлық салаға барғым келеді. Меніңше, бізге қазір ең керегі мына мемлекеттік қызметті күшейтуіміз керек. Мемлекеттік басқару жүйені кұшейтуіміз керек. Ал егер Парламентімізді мықты, ықпалды болса Үкімет те өзгереді. Соған жұмыс істеуіміз керек".


Қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіне көңіңіз толмай ма?

"Толмайды, толмайды".


Сенат депутаттарын сайлау 14 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада өтті. Сенаттағы 17 орынға өтетіндерді ел бойынша 3069 мәслихат депутаты анықтады. Өңірлердегі шараның өтуі барысына қатысты сипаттама да ортақ.

Ерлан Татимов, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:

"Дауыс бердік. Жалпы өткізген іс-шара жоғары дәрежеде. Ұйымдастыруға да, ұйымдастырушыларға да алғысымыз зор".

Жұмамұрат Шәмші, қоғам белсендісі:

"Бізде бірден ешкім танымайтын адамды қонжитады сенатор қылып. Ол ештеңеден хабары жоқ. Ол қайдан келген адам. Біз танымаймыз".

Сенатқа өткендердің аты-жөнін көпшілік білмесе де, қазіргі қызметтері олардың беделі туралы айтып тұр дейді қоғам белсендісі. Мысалы, Нұр-Сұлтаннан сайланған Күрішбаев ректор, Алматыдан өткен Мәкежанов аудан әкімі, Шымкентте жеңген Қапбарова тағы да сенатор атанды. Ақтөбе, Шығыс, Солтүстік, Батыс, Түркістан облыстары. Қай өңірді алсаң да бағы жанғандардың дені не әкім, не ректор, не бизнесмен.

Ал саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов бұл саяси реформаға кері әсер етеді дейді. Ортақ танысты үміткер етіп, Жоғары палатаға сайлағаннан ештеңе өзгермейтінін айтады.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

"Мәслихаттың негізгі құрамы өзгермеген. Сол баяғы мәслихат. Сол баяғы ешкімге белгісіз депутаттар. Және олардың қазіргі таңда өз қатарынан шығарып отырған кандитаттары солардың қатарында жүрген адамдар. Ешқандай жаңашылдық жоқ. Ал үстінен өзгеріс жасамай, астынан өзгеріс жасағаннан кейін кейіннен Сенат Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы өткеннен кейін тағы да 5 жыл, екінші срокқа сайлануға құқықтары бар сенаторлардың".


Бұл енді алдағы күннің ісі. Осы жолы сенаторлар ескі әдіспен сайланды. Ал олардың қаншалықты белсеніп, халыққа қызмет ететінін алдағы уақыт көрсетер.

https://www.youtube.com/watch?time_continue=173&v=7x-eqSA4Log&feature=emb_title

Рекомендовать
Последние новости