Әлеуметтік желілерде "сотқа қатысу туралы" жалған хабарламалар мен сілтемелер тарап жатыр. Бұл – интернет алаяқтарының жаңа тәсілі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алаяқтар азаматтарға мессенджерлер, SMS немесе электрон пошта арқылы хабарласып, өздерін сот немесе басқа да мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырады.
Хабарламада "сот отырысына қатысуыңыз керек, келмеген жағдайда айыппұл арқалайсыз, жағдайды сотқа дейін шешемін десеңіз берілген нөмір арқылы хабарласыңыз" деген мазмұнда ақпарат беріліп, арнайы сілтемеге өтуді сұрайды.
Бұл сілтемелер жалған сайттарға апарады.
Бұл сайттар ресми порталдарға ұқсас етіп жасалған. Онда пайдаланушыдан жеке деректерін, соның ішінде ЖСН, банк картасының мәліметтері мен SMS кодтарды енгізу талап етіледі. Мұндай ақпаратты енгізу алаяқтарға сіздің қаржыңызға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Полиция департаменті ескертеді:
- Мемлекеттік органдар күмәнді сілтемелер жібермейді;
- Сотқа шақыру ресми түрде ғана жеткізіледі;
- Бейтаныс сілтемелерге өтпеу қажет.
