Алматыда тұрғындарға тиіскен үш қыз елден шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Алматы Полиция департаменті мәлімдеді.
"Алматы қаласында қоғамдық орындарда құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін шетел азаматтары сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Соттың қаулысымен оларға ел аумағына қайта кіруге тыйым салына отырып, мәжбүрлі түрде шығару туралы шешім қабылданды. Бұған дейін полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізген мониторинг барысында кәмелетке толмағандар азаматтарға агрессивті әрі әдепсіз мінез-құлық танытқан видеоны анықтаған болатын. Жасөспірімдер жедел түрде анықталып, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді полиция.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде дау туғызатын видео тарады. Видеода кішкентай қыздар саябақтағы адамдарға тиіскені, ақша сұрап, бермесе, заттарын тартып алғаны, ұрғаны айтылды.
