2026 жылдың 3 сәуірінде республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» тас жолының 20-шақырымында жоспарлы патрульдеу жүргізген «ДЭУ-91» бөлімшесінің мамандары су деңгейінің қауіпті шекке жеткенін байқаған. Көп ұзамай, еріген қар суының аса жоғары қысымына шыдас бермеген жер асты су өткізгіш құбыры бұзылып, жолдың негізін шайып кетті.
Нәтижесінде тас жолдың ортасында ені 12 метр, тереңдігі 10 метрге жуық алып ор пайда болды. Мамандардың айтуынша, шайылған асфальттың жалпы ауданы 150 шаршы метрді құрайды. Алайда бұл соңғы цифр емес. Өйткені тағы 2-3 метр асфальтта жарықшақ пайда болған. Сонымен былтыр ғана орташа жөндеу жұмыстары басталған күре жолдың опырылу себебін іздеп көрсек.
Бұл жол өткен ғасырдың 1960–1970 жылдары салынған. Жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келген нысан осы күнге дейін «су басу қаупі бар» аймақтар тізіміне енбеген. Бұрын-соңды мұндай көлемдегі қар суының жиналуы бұл тұста тіркелмегендіктен, ескі құбыр жүйесі биылғы табиғи құбылысқа дайын болмай шықты. Онымен қоса өткен ғасырда қойылған су өткізгіш бетон құбырлардың сол жол учаскесіндегі 4-5 құбырдың сынып кетуінен болған. Құбырлардың сынуы себебі де белгілі: Ескірген. «Кеген-Нарынқол» тас жолында кей ақпараттарға сенсек сондай 1960-1970 жылдары салынған 70-тен аса бетон құбырлар бар. Алайда осы жолды орташа жөндеуден өткізу үшін жасалған ақаулық актісінде де құбырлардың тозығы жеткендігін ескермеген секілді. Демек аталған тас жол бойында әлі де 70-тен аса қауіпті жол учаскесі бар.

Осы жағдай бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облысы филиалының бөлім басшысы Тепышев Досбол Құрманғазыұлымен сұқбаттасып көрдік:
- "Кеген-Нарынқол" тас жолында қанша су өтетін құбыр бар?
- Республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» тас жолының жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды. 89 шақырымның ішінде 78 су өткізетін құбырлар бар.
- Осы учаскені қалпына келтіру қанша уақытқа созылады?
- Қазіргі уақытта су шайған жол учаскесінің жанынан жол салу жұмыстары атқарылуда. Еріген судың белсенді ағу кезеңі аяқталғаннан кейін, сі өткізгіш құбыр мен жол жабындысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазіргі уақытта тасқын су жол жиегімен ағып, Қабанды өзеніне, одан әрі Кеген өзеніне құйылып жатыр.
Орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенде, неліктен жер астындағы коммуникациялар назардан тыс қалды?! Мұндағы «орташа жөндеу» ұғымы көбіне тек жолдың үстіңгі қабатын жаңартуды ғана көздейді. Алайда, 50-60 жыл бұрын төселген бетон құбырлардың шіріп, жарамсыз болып қалғанын ескермеу - үлкен қателік.
Ақаулық актісін түзген кезде тек көзге көрінетін кемшіліктер ғана тізілген. Ал жер астындағы «миналар» - тозған құбырлар.
Ендігі кезекте тек осы 12 метрлік орды бітеп қана қоймай, жол бойындағы қалған 70-тен астам құбырдың жай-күйін шұғыл тексеру қажет. Әйтпесе, ертең дәл осындай жағдай жолдың басқа бөлігінде қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Қазіргі таңда «Кеген-Нарынқол» бағытындағы қозғалысқа шектеу қойылып, көліктер үшін айналма жолдар қарастырылуда. Оқиға орнында «ҚазАвтоЖол» мекемесі мен Төтенше жағдайлар департаментінің техникалары жұмыс істеп жатыр. Алайда...
Бұл төтенше жағдай - ескірген инфрақұрылымды жаңартудағы жүйесіздіктің көрінісі. Алматы облысының таулы аймақтарында қардың күрт еруі мен жауын-шашын мөлшерінің артуы бұрын-соңды болмаған қатерлер тудыруда.
Егер алдағы уақытта жобалау-сметалық құжаттарда гидрологиялық зерттеулер мен құбырларды толық ауыстыру шаралары ескерілмесе, бюджеттің миллиондаған қаражаты сумен бірге ағып кете бермек. Қаражат табылар, ал адам шығыны орын алса қайтпек?! Кеген мен Нарынқолды жалғаған күре жолдың тағдыры енді тек жөндеушілердің сапалы жұмысына емес, билік өкілдерінің жүйелі шешіміне байланысты болып тұр.
