Алматы қаласында полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде рейдтік және профилактикалық шаралар жүргізіп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жолдарда алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік басқарған 700-ге жуық жүргізуші анықталып, дер кезінде көлік тізгінінен шеттетілген. Мамандардың айтуынша, мұндай әрбір дерек – болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алу.
Сонымен қатар "Стоп–құқықбұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 15 мас жүргізуші анықталып, олардың әрекетінің салдарынан туындауы мүмкін жол апаттарының жолы кесілген.
Жалпы аталған іс-шара барысында 4 828 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. Оның ішінде қарсы бағытқа шығудың 15 фактісі, жалған мемлекеттік нөмір қолданудың 8 дерегі және өзге де құқықбұзушылықтар бар.
Полиция өкілдері жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырып, мас күйде көлік жүргізудің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
