Полицияның мәліметінше, заңға сай жүргізуші көлік тізгінінде отырғанда телефонды қолына алмай ғана қолдана алады.
Жүргізуші телефонды қолында ұстаса, оның қолданылуы құқықбұзушылық саналады:
- сөйлесу;
- мәтін теру;
- хабарлама оқу;
- қосымшаларды пайдалану;
- дауыс хабарламасын жазу, фото немесе видео түсіру.
Ведомство өкілдері телефонды қолда ұстауға тіпті қысқа уақытқа тоқтаған кезде де болмайтынын атап өтті. Мысалы, бағдаршамда немесе кептелісте тұрған сәтте де жүргізуші көлікті басқарып отыр деп есептеледі.
Полиция такси жүргізушілері мен курьерлер үшін де талап бірдей екенін айтты. Телефонды тек арнайы ұстағышқа бекітіп, навигатор ретінде пайдалануға рұқсат бар.
Сонымен қатар, телефонды қолда ұстамай пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи байланыс құралдарына тыйым салынбаған. Олардың қатарында:
- hands-free жүйесі;
- Bluetooth;
- көліктегі мультимедиялық жүйелер;
- дауыс арқылы басқару бар.
Камералар мұндай құқықбұзушылықтарды қалай тіркейтіні нақты айтылмаған. Мысалы, телефон құлаққа тақалмаса да, қолда тұрса, жүйе оны анықтай ма, әлде жоқ па, белгісіз. Сондай-ақ, қолдағы зат нақты телефон екенін қалай айыратыны да түсіндірілмеген.
Бұған қоса, техникалық қателік болуы мүмкін бе деген сұрақ та ашық күйінде қалып отыр. Мәселен, адам құлағына жай ғана қолын тигізіп келе жатса, жүйе оны қалай бағалайтыны белгісіз.
Бұл жайттарға қатысты мемлекеттік органдар нақты жауап бермеген.