Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты ішкі істер министрі Ержан Сәденов маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес ІІМ Алматы қаласындағы жол апатының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру, кінәлілер жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр.
"Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Ол апат кезінде алкогольдік масаң күйде болған. Сонымен қатар, бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Қоғамда таралған барлық мәлімет тексеріліп жатыр", - деді шенеунік.
Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы - Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілген.
"Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды. Қазір қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр", - деді ол.
Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілген. Кең ауқымды тексеріс және рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан аса жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілген. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару деректері бар. 2 мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылды.
"Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлі заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Барлығы заң алдында тең", - деп мәлімдеді министр.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылында болды. Жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды.
