Сот вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Dalanews 16 янв. 2024 11:13 872

Бұрынғы вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Апелляциялық сатыдағы сот отырысы  жабық режимде өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі bes.media-ға сілтеме жасап. 

Астана сот алқасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұрынғы вице-министрі Нұржан Әлтаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік 10 жыл колонияда отырады.

Нұржан Әлтаев апелляциялық шағымында (Еl Teregi Facebook-парақшасында жарияланған - еск.) "Атамекен" ҰКП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтен пара алғаны үшін кінәлі деп таныған бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспейтінін айтты.

"Мырзахметов те, Әміров те бұл қаражатты алғанымды көрмеді және оны растай алмады", - деп жазылған шағымда.


Әлтаев Мырзахметов оның үстінен арыз жазған кезде бір ай бойы тергеу изоляторында қамауда болғанын айтты.

Айта кетейік, 2023 жылғы 21 қарашада сот Нұржан Әлтаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 4-бөлігі "Аса ірі мөлшерде пара алу" бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді.

"Нұржан Әлтаев 2018-2020 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ретінде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовтен делдал арқылы пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Параның жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асады (115 мың доллар және 8 миллион теңге). Осы ақшаға Әлтаев "Атамекен" ҰКП мүддесін қолдады. Сондай-ақ, үкімде Әлтаев Мәжіліс депутаты бола тұра Парламентте "Атамекен" ҰКП мүддесін қолдағаны үшін Мырзахметовтен айына 5000 доллардан пара алып тұрғаны көрсетілген", - деп жазылған bes.media мәліметінде.


Нұржан Әлтаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары; ауыл шаруашылығы вице-министрі; еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі; Мәжіліс депутаты болды.

Рекомендовать
Последние новости